Полиция қызметкерлерін қалай даярлайды: нұралық оқушылар Қарағандыдағы ІІМ академиясында болды

Полиция қызметкерлерін қалай даярлайды: нұралық оқушылар Қарағандыдағы ІІМ академиясында болды

Нұра ауданының мектеп оқушылары болашақ құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлау үдерісімен танысып, полиция қызметіне кәсіби тұрғыдан көз жеткізу мүмкіндігіне ие болды. «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында олар Барымбек Бейсенов атындағы Қарағанды Ішкі істер министрлігі академиясына арнайы экскурсиямен барды.

Танымдық сапарға Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназияның 8-сынып оқушыларынан құралған «Жас сақшылар» жасағы қатысты.

Іс-шара Нұра аудандық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен, аудандық прокуратура мен полиция бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылды.

— Бұл сапардың мақсаты бірнешеу: оқушыларға «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының мәнін түсіндіру, кәсіби бағдар беру, академияның тыныс-тіршілігімен таныстыру және ішкі істер органдарындағы қызметтің қоғамдағы беделін арттыру, — деді Нұра аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Жайлаубайұлы.

Экскурсия барысында оқушыларға оқу процесінің ерекшеліктері, тәртіп пен жауапкершілікке қойылатын қатаң талаптар, сондай-ақ ІІМ жүйесіндегі қызметтің өзіндік қырлары таныстырылды. Мектеп оқушылары болашақ полицейлерді даярлау қалай ұйымдастырылатынын көріп, академия өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

— Бұл экскурсия бізге үлкен әсер қалдырды. Мұнда болашақ полиция қызметкерлерін даярлауға қаншалықты жоғары талап қойылатынын өз көзімізбен көрдік. Сапардан кейін көпшілігіміздің осы академияға оқуға түсуге деген қызығушылығымыз артты, — деді «Жас сақшылар» жасағының мүшесі Әдина Қайратқызы.

Айта кетейік, Қарағанды облысында қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқықтық мәдениетті дамытуға және саналы, тәртіпті әрі жауапты азаматтық қоғам қалыптастыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.