
Қарағанды қаласында аутизм спектрінің бұзылыстары мен өзге де менталдық ауытқулары бар балаларға арналған «Қамқорлық» облыстық күндізгі орталығы ашылып, жұмысын бастады. Орталықта жыл сайын 3 пен 18 жас аралығындағы 125 бала тегін көмек алып, бейімдеу және оңалту бағдарламаларынан өте алады. Мұндағы қызмет балалардың дамуына, әлеуметтенуіне және қоғамға бейімделуіне бағытталған әрі әлеуметтік-тұрмыстық, психологиялық, педагогикалық және медициналық қолдауды қамтиды.

Жаңа орталықтың ашылуымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты.

Орталық «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы — «Samruk-Kazyna Trust» қоры, «Қазақстан халқына» қоры, «Қамқорлық қоры», Нұрсұлтан Назарбаев қоры және Қарағанды облысы әкімдігінің серіктестігі негізінде құрылған.

— Жаңа жыл қарсаңында аутизмі және өзге де менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған маңызды әлеуметтік нысанды пайдалануға беріп отырмыз. Бұл — төрт құрылымның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Жобаны қолдаған барлық қорларға ризашылығымды білдіремін. Орталық толықтай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған, алда үлкен әрі жауапты жұмыс тұр. Ең бастысы — бұл жерде балалардың күлкісі естіліп, олардың жүзінен қуаныш сезіліп тұрса екен, — деді өңір басшысы орталық ұжымына және ата-аналарға арнаған сөзінде.

Аймақ басшысы логистиканы жүйелеп, орталыққа қатынауды жеңілдету мақсатында тұрақты автобус қатынасын ұйымдастыруды тапсырды. Қоғамдық көлік аялдамалары орталықтан жаяу жететін жерде орналасқан. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен арнайы шағын автобус сатып алынды. Бұл балалардың мәдени, қоғамдық және спорттық іс-шараларға белсендірек қатысуына мүмкіндік береді.

Орталықты ашу туралы шешім өткен жылы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тапсырмасымен «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп қабылданған.

Осы кезеңде ғимаратты іріктеу, күрделі жөндеу жүргізу, материалдық-техникалық базаны жарақтандыру және мамандарды даярлау жұмыстарынан тұратын ауқымды жұмыс атқарылды.

— Қызметкерлер аутизмі және өзге де менталдық бұзылыстары бар балаларды оңалту саласындағы отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен өткізілген курстарды, тренингтер мен көшпелі семинарларды қамтитын арнайы әзірленген бағдарлама бойынша оқытудан өтті. Бағдарлама аясында аутизмі және өзге де менталдық бұзылыстары бар балаларды оңалту саласындағы отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен курстар, тренингтер мен көшпелі семинарлар ұйымдастырылды. Кадрлар толықтырылған сайын оқыту жұмыстары жалғасын табады. Қазіргі таңда орталықта 20-дан астам әдістеме қолданылады. Ең бастысы — орталық қызметі тек балалармен шектелмей, ата-аналарды сүйемелдеуге де бағытталған. Бұл оларға балаларының даму ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, — деді орталық директоры Ерлан Төлеуов.

Орталықтың жалпы аумағы шамамен 4500 шаршы метрді құрайды.

Барлық үй-жайлар балалардың диагноздары мен жеке қажеттіліктері ескеріле отырып жабдықталған.

Жиһаз бен құрал-жабдықтар қауіпсіздік талаптарына сай келетін, тиімділігі дәлелденген еуропалық өндірушілерден сатып алынған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі орнатылған.

Қарағандылық Наталья Ваншейд орталыққа ұлын алып келген. Баласына аутизм спектрінің бұзылысы және сөйлеу тілінің кешеуілдеуі диагнозы қойылған. Анасы мамандар көмегіне үлкен үміт артады.
— Жекеменшік орталықтарда бір айлық оңалту курсының құны орта есеппен 200 мың теңгеден асады. Оның үстіне онда барлық қажетті бағдарламалар қамтылмауы мүмкін. Ал бұл орталықта сенсорлық бөлме, ұсақ моториканы дамытатын қыш құмыра жасау, дефектолог пен арт-терапия бар. Сонымен қатар балам мұнда жарты күн болады, ал мен сол уақытта жұмысқа орналасып немесе өзге де шаруаларымды атқара аламын. Бұл отбасымыз үшін үлкен қолдау, — дейді ерекше баланың анасы.

Орталықта жеке және топтық сабақтарға арналған кабинеттер жұмыс істейді. Мұнда ABA-терапия, арт-терапия, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, робототерапия, лего-терапия және робототехника бағыттары қамтылған.

Балалар логопед, дефектолог, психолог, бейімделген және емдік дене шынықтыру мамандарымен, сондай-ақ сенсорлық интеграция бойынша сабақтарға қатысады.

Сенсорлық бөлме, музыка кабинеті, қыш, ағаш өңдеу және тігін шеберханалары қарастырылған.

Сабақтар ұзақтығы төрт сағатқа дейінгі екі ауысымда өтеді.

Орталық аумағында балалар ойын алаңдары, ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары, футбол, волейбол және баскетбол алаңдары бар.

Мұнда тек Қарағанды қаласының емес, облыстың өзге елді мекендерінен келген балалар да қабылданады.

Күндізгі болу орталығына қабылдау үшін міндетті түрде келесі құжаттар қажет: мүгедектік туралы анықтама, жеке оңалту және абилитация бағдарламасы (ЖОАБ), онда психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға арналған күндізгі болу бөлімі көрсетілуі тиіс, сондай-ақ ПМПК қорытындысы.
Орталық Ермеков көшесі, 93 мекенжайы бойынша орналасқан.

Алдағы оқу жылында осындай орталықты Теміртау қаласында ашу жоспарланып отыр.

2020 жылдан бері Қарағанды облысында «Samruk-Kazyna Trust» қоры 11 әлеуметтік жобаны, оның ішінде «Қамқорлық» ерте араласу орталығын қолдап келеді.