
Қарағандыда «Жылдың үздіктері» атты салтанатты кеш өтіп, өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени және рухани өмірінде белсенділік танытқан азаматтарға құрмет көрсетілді. Іс-шара аясында азаматтық қайсарлық пен елге адал қызметтің символына айналған мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшенов атындағы сыйлық табыс етілді. Марапат мәдениет, білім, ғылым, қоғамдық қызмет және өңірлердің дамуына нақты істерімен үлес қосып жүрген жандарға берілді.

Салтанатты кешке мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, жастар өкілдері мен журналистер қатысты.

Сыйлық иегерлері «Жылдың үздік қайраткері», «Жылдың үздік айтыскер ақыны», «Жылдың үздік ақыны», «Жылдың үздік қаламгері», «Жылдың үздік мәдениет және өнер қайраткері», «Жылдың үздік белсендісі» және өзге де номинациялар бойынша анықталды.
«Жылдың үздік тілшісі» номинациясында Теміртау қаласында шығатын «Теміртау тынысы» газетінің редакторы әрі құрылтайшысы Нұрлыхан Қалқаман марапатталды. Апталық басылымның жарық көруі 2021 жылы Теміртауда қазақ тіліндегі баспасөздің жоқтығы туралы қоғамда кең резонанс тудырған жарияланымның заңды жалғасы болды. Saryarqa Aqparat медиахолдингінің басшысы Қайрат Әбілда жазған бұл материал жаңа басылымды ашуға түрткі болған.

— Қазақстанның тәуелсіздігі — дайын күйінде келген олжа емес, «Алаш» қозғалысынан бастау алып, Жұмабек Тәшенов сынды тұлғалардың күресімен жалғасқан тарихи жолдың нәтижесі. Осы құндылықты сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу — баршамызға ортақ жауапкершілік. Сондықтан бұл марапат мен үшін айрықша мәнге ие. Оның үстіне біздің тарапымыздан ешқандай өтінім не бастама болмағанына қарамастан көрсетілген сенімді ақтау — үлкен міндет, — деді бас редактор.

«Жылдың атымтай жомарты» номинациясында кәсіпкер Айдос Ақшотаев марапатқа ие болды. Ол өз қаражаты есебінен, шамамен 150 миллион теңгеге, Қарқаралы ауданының Қараағаш ауылына ауызсу жеткізу жобасын жүзеге асырған. Бұдан бөлек, кәсіпкер ауыл тұрғындарына тұрақты түрде қолдау көрсетіп, көмірмен қамтамасыз етіп келеді, сондай-ақ мешіт салдырған.
— Бұл — ата-бабамның мекені, менің туған жерім. Өз еліңе, өз халқыңа пайдалы болу — әр азаматтың парызы. Ауылға көрсетілетін көмек алдағы уақытта да жалғасады. Алда балалар мен жастарға арналған спорт кешенін салуды жоспарлап отырмыз, — деді меценат.

Кештің ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Қарағанды облыстық филиалының өкілі Айтбай Жұмағұлов жобаның бастапқыда формализмнен ада, таза қоғамдық бастама ретінде қолға алынғанын атап өтті.
— Қоғам игілігі үшін күн сайын үнсіз еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Біздің мақсат — сол жандардың еңбегін көпшілікке танытып, лайықты бағасын беру, — деді ол.

Сыйлықтың маңызына Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов те тоқталды:
— Жұмабек Тәшенов тарихта мызғымас азаматтық ұстанымымен қалды. Бүгінгі таңда Қазақстанға сөзбен емес, іспен қызмет етіп жүрген азаматтарды қолдау — аса маңызды.

Фото: іс-шараны ұйымдастырушылардан