Қарағанды облысында алғашқы шағын индустриялық аймақ іске қосылды

Қарағанды облысында алғашқы шағын индустриялық аймақ іске қосылды

Қарағандыда мемлекеттік қолдау аясында шағын индустриялық аймақ салынды. Бұл жергілікті тауар өндірушілер үшін маңызды қолдау болып отыр. Аталған алаңда шағын және орта бизнес өкілдеріне қолжетімді жалдау бағасымен дайын өндірістік цехтар ұсынылады. Барлық инженерлік коммуникациялар қосылған.

Облыс орталығындағы алғашқы шағын индустриялық аймаққа өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев барды. Ол жасалған жағдайлармен танысып, кәсіпкерлермен пікірлесті.

– Шағын индустриялық аймақтар құру – Мемлекет басшысы қойған міндеттердің бірі, бұл шағын және орта бизнесті қолдаудың негізгі құралдарының қатарында. Біздің өңірде бұл тетік «Сарыарқа» ӘКК арқылы жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлерге өндірістік ғимараттар салу үшін 3% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер берілді. Пайдалануға берілгеннен кейін нысандар басқа бизнес өкілдеріне нарықтағы бағадан төмен құнмен жалға ұсынылады, – деп атап өтті облыс әкімі.

Ол бұл жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың тиімді форматы екенін атап өтті. 

Жобаның мақсаты – жаңа бәсекеге қабілетті өндірістерді іске қосу, қосымша жұмыс орындарын құру және экономиканың өсуін қамтамасыз ету.

Жаңа алаңда қазірдің өзінде екі өндіріс жұмыс істеп тұр: су және газбен жабдықтауға арналған полиэтилен құбырларын шығару, сондай-ақ кабель өнімдерін өндіру. 

Олардың іске қосылуы шамамен жүз жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Шағын индустриялық аймақтың жалпы аумағы – 4,2 мың шаршы метр. 

Кәсіпкер Сергей Миловановтың айтуынша, өндірістік ғимараттар жаңадан салынған, барлық қажетті инфрақұрылым – электр және сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, газбен жылыту толықтай тартылған.

Жобаның модераторы ретінде «Сарыарқа» ӘКК жалдау мөлшерлемесін бекітеді.

Тауар өндірушілердің нақты талаптары ескеріліп, алаң олардың қажеттіліктеріне бейімделген.

– Біз Қарағанды облысындағы алғашқы кабель зауытымыз. Қуаттық және бақылау кабельдерін, 16 қимасына дейін өндіреміз. Алдағы уақытта дамуды жоспарлап отырмыз. Ғимараттың қала аумағында орналасуы өте ыңғайлы, бұл жұмысты жеңілдетеді. Біз үшін арнайы ғимарат жаңғыртылып, ұзартылды. Жалпы алғанда, бәріне өте ризамыз, – дейді кәсіпорын директоры Қайыржан Бижігіт.

Қарағандыда дәл осындай тағы бір аймақ құрылуда. Осындай алаң Саран қаласында да ашылады. 

Алдағы уақытта шағын индустриялық аймақтар облыстың өзге қалаларында да пайда болады.