
Қарағанды облысының спортшылары халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Олар V жасөспірімдер арасындағы Азия параойындарынан 11 медальмен оралса, ММА бойынша Азия чемпионатында тағы бір алтын жүлдені қоржынға салды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ олардың бапкерлеріне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында салтанатты түрде құрметке бөленді.

Басқарма басшысының орынбасары Дәурен Есімханов спортшыларды жоғары жетістіктерімен құттықтап, алдағы халықаралық жарыстарда да толағай табыстар тіледі.

Параойындардағы медальдардың негізгі үлесі қарағандылық жүзушілерге тиесілі. Олар тоғыз қашықтық бойынша жеңімпаз және жүлдегер атанды. Ділназ Бейсекеева 200 метрге кешенді жүзуде алтын медаль жеңіп алып, бұдан бөлек команданың қоржынына үш күміс жүлде салды.

Ал Нұрдәулет Дүйсенбаев бес бірдей алтын медаль иеленді. Бұл жарыстар спортшы үшін алғашқы халықаралық тәжірибе болды.
— Жүзумен 10 жасымнан бері айналысамын. Маған процестің өзі, команда, атмосфера ұнайды. Бірақ ең бастысы — нәтиже. Жарыс кестесі өте тығыз болды: кейде екі жүзудің арасында небәрі жарты сағат қана уақыт қалатын. Көп спортшы мұндай жүктемеге шыдай алмады. Соңғы қашықтықта брасспен жүзуде бар күшімді салдым, осылайша нәтижемді жақсартып, төрт қашықтық бойынша жеке рекорд орнаттым. Ендігі мақсатым — Паралимпиада ойындары, — деді Нұрдәулет Дүйсенбаев.
Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір алтынмен толықты. Қарағандылық Карина Жұмабаева паражеңіл атлетикадан 800 метрге жүгіруде жеңіске жетті. Сондай-ақ Сайлау Ерзат Қазақстанның гандбол құрамасының сапында сәтті өнер көрсетіп, чемпионатта бірінші орын алды.

Қарағандылық ММА шеберлері де Азия чемпионатында ел намысын абыроймен қорғады. Ливанның Джуния қаласында өткен жарысқа 20 елден 400-ден астам спортшы қатысып, үш жас санаты бойынша бақ сынады. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте қатарынан 11-рет жеңіске жетіп, 31 медаль олжалады.

Жастар арасында Азия чемпионы атағын үшінші рет Егор Желтов иеленді. Оның еншісінде сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдесі және ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс медалі бар.
— Бұл — менің үшінші Азия чемпионатым. Тәжікстан мен Өзбекстан спортшыларына қарсы екі жекпе-жек өткізіп, екеуін де бірінші раундта мерзімінен бұрын аяқтадым. Жинаған тәжірибе мен бапкерім Дмитрий Ермолаевтың жетекшілігімен жүргізілген жүйелі дайындық шешуші рөл атқарды, — деді спортшы.

Қарағанды спортшыларының жүлде қоржыны тағы бір медальмен толықты: Дмитрий Жижин қола жүлдеге ие болды.

Алда спортшыларды жаңа халықаралық жарыстарға дайындық пен Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңдері күтіп тұр. Осы жарыстардың қорытындысы бойынша ұлттық құраманың жаңартылған құрамы жасақталмақ.