
Жаңа жыл қарсаңында Қарағанды тұрғындары мен қала қонақтарына әсем әуен мерекелік көңіл күй сыйлауға көмектеседі.

Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің джаз оркестрі 23 желтоқсан күні сағат 18:30-да цирк ғимаратында әйгілі жаңа жылдық және рождестволық хиттерді, сондай-ақ басқа да танымал шығармаларды орындайды. Сахнаға Айдан Тұнғышбаев, Ксения Николаева, Кристина Ракша және Жанасыл Елубаев шығады. Оркестрдің бас дирижёры әрі көркемдік жетекшісі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Игорь Адрейченко.

24 желтоқсан күні сағат 18:30-да цирк ғимаратында «Жаңа жылдық серпантин» бағдарламасымен Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптарының академиялық оркестрі концерт ұсынады. Дирижёрлік пультке Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалысын Шоқанбаев, мәдениет саласының үздігі Ерлан Бақтыгерей және Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, халықаралық байқаулардың лауреаты Абулхаир Сағымбаев шығады.

25 желтоқсан күні сағат 18:30-да цирк ғимаратында Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестр сүйікті фильмдерден алынған әуендерді орындайды. Концерт барысында «Үйде жалғыз», «Тағдыр тәлкегі, немесе Жеңіл бу!» сияқты жаңа жылдық классикалармен қатар, «Гарри Поттер», «Анастасия» мультфильмі және өзге де танымал туындылардың саундтректері шырқалады.

26 желтоқсан күні сағат 18:30-да Кеншілер мәдениет сарайының төрінде әлемдік сахнаның жұлдызы, Франциядан келген баритон Трэвис Мелвин өнер көрсетеді. Ол қарағандылық көрермендерге джаз, блюз, госпел және басқа да музыкалық бағыттардағы шығармаларды ұсынады. Концерт Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Трэвис Мелвин сондай-ақ композитор, жазушы әрі вокал өнерінің оқытушысы ретінде де танымал.
Дирижёр – Алексей Гусак.

Мерекелік концерттер легін музыкалық комедия театрының симфониялық оркестрі қорытындылайды. 10 қаңтар күні сағат 17:00-де музкомедия театрының Қызыл залында ескі Жаңа жылға арналған концерт өтеді. Кеш барысында әртүрлі жанр мен стильдегі шығармалар орындалады. Концертті Алексей Гусак басқарады.