
Мемлекет басшысының атынан Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Токиода (Жапония) өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының қазақстандық қатысушыларына мемлекеттік наградалар табыстады. Бұл туралы Үкіметтің ресми сайтында хабарланды.

Аталған халықаралық додада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 9-орынды иеленіп, барлығы 25 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль бар. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарында Қарағанды облысының төрт спортшысы бар. Олардың жетістіктері мемлекеттік және үкіметтік деңгейде жоғары бағаланды.

Сурдлимпиада ойындарының үш дүркін чемпионы, дзюдошы Еркебұлан Қанапин «Құрмет» орденімен марапатталды.

Дәл осындай мемлекеттік награда оның жеке тәлімгері, сурдодзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Сергей Дмитренкоға да табысталды.

Таэквондодан қола жүлдеге ие болған спортшылар – Аян Әбдіраш, Айжамол Әбдікәтова және Аида Мақатова Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің алғыс хатымен марапатталды.

Марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін спорт инфрақұрылымын кеңейтуге айрықша назар аудару қажеттігі атап өтілгенін еске салды.
– Сурдлимпиада ойындары елімізде сурдлимпиадалық қозғалыстың тұрақты әрі жүйелі дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. Бұл – спорт ұйымдарының, жаттықтырушылардың және өз еңбегі мен табандылығының арқасында болашақ жеңістерге берік негіз қалап жүрген спортшылардың бірлескен жұмысының нәтижесі, – деді Премьер-министр.