
2025 жылы Қарағанды облысында спорт инфрақұрылымын дамыту қарқынды жалғасты. Жыл қорытындысы бойынша өңірде 95 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Сонымен қатар үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды: Бұқар жырау ауданының Ғ. Мұстафин атындағы кентінде, Ақтоғай ауданының Сарышаған ауылында және Приозерск қаласында.

Қарағанды қаласында аумағы 70 гектардан асатын заманауи спорт кластерін құру жұмыстары басталды. Жоба аясында әмбебап спорт аренасы мен мұз аренасын, жеңіл атлетикалық манеж, Ә. Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің мектеп-интернат-колледжін, UEFA-4 санатындағы стадион, Футбол академиясын және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделіп отыр.
Қазіргі таңда өңірде 1381 спорт нысаны жұмыс істейді. Спортпен жүйелі түрде 460 мыңнан астам тұрғын айналысады.

Спортшылар жетістігі
Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасының сапында Қарағанды облысынан 1074 спортшы және 119 мүмкіндігі шектеулі спортшы бар.
2025 жылы облыс спортшылары әртүрлі деңгейдегі 986 жарысқа қатысып, 15 540 медаль жеңіп алды.
Өңірде халықаралық және республикалық маңыздағы 100 спорттық жарыс ұйымдастырылды.
Көркем жүзуден Азия чемпионатында қарағандылық спортшылар 28 медаль иеленді.
Облыс жетекші спортшылардың жоғары жетістіктерін мақтан тұтады. Атап айтқанда, Аида Әбікеева бокстан екі дүркін әлем чемпионы атанды; биатлоншы Владислав Киреев 2025 жылғы Азия ойындарының чемпионы болды; батуттық гимнастикадан Данил Мусабаев пен Никита Тумаков дуэті Әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді; Алан Кұрманғалиев үстел теннисінен бірнеше мәрте чемпион атанды.
Сондай-ақ облыс спортшылары Қазақстанның VI Жастар спорт ойындарында барлық жылдар ішіндегі ең жоғары нәтижені көрсетті.

Ұлттық спорт түрлері
Өңірде ұлттық спорт түрлерімен 38 378 адам тұрақты түрде шұғылданады.
Тоғызқұмалақтан қол жеткізілген нәтижелер ерекше атап өтуге лайық. Әділхан Төлегенов жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде алып, Әлем кубогында күміс медаль иеленді.
Мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионатында Аманжол Мирас екінші орынға, Нұрай Мұздыбаева қола жүлдеге қол жеткізді.
Юниорлар арасындағы Азия чемпионатында Балғын Қожанәсіп алтын медаль жеңіп алды.
Қазақ күресінен Ерқанат Молдағұлов Азия чемпионатының жеңімпазы атанса, Олжас Исаханов Әлем кубогында үшінші орынды иеленді.
Айша Баймырза юниорлар арасында дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионы атанды.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт
Облыста мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына жан-жақты жағдай жасалуда. Қазіргі таңда өңірдің бес аймағында аутизм спектрінің бұзылыстары, психикалық дамудың тежелуі және балалар церебралды сал ауруы диагнозы бар 200 бала жүзумен айналысады. Сонымен қатар Теміртау мен Қарағанды қалаларында 40 бала жеңіл атлетикамен шұғылдануда.
Балқаш қаласында есту, көру қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппараты зақымданған 91 адам жүзу спортымен айналысады.
Абай қаласында 20 бала жүзу және бочча спорт түрлеріне тартылған.
Паражүзуден әлемдік серия кезеңінде облыс спортшылары Азияның екі рекордын және Қазақстанның төрт рекордын жаңартты.
Руфат Хабибуллин паражеңіл атлетикадан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қарағанды облысының спортшылары бес медаль жеңіп алды. Дзюдошы Еркебұлан Қанапин екі алтын медаль иеленсе, таэквондошылар Аян Әбдіраш, Айжамол Әбдікатова және Аида Мақатова қола жүлдеге қол жеткізді.