
Қарағанды облысында Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысы шығарылды. Негізгі басымдық білім беру мен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайтуға, дуалды оқытуды дамытуға және әлеуметтік әріптестікті кеңейтуге берілді. Өңір колледждері кластерлік қағида бойынша жұмыс істеуге көшіп, білім беру бағдарламалары еңбек нарығының сұранысы мен жаңа мамандықтар Атласы негізінде жаңартылды. Соның нәтижесінде техникалық бағыттағы мамандықтарға қабылдау орта есеппен 60 пайызға артты.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен алдағы жоспарлар аппараттық кеңесте жан-жақты талқыланды.

– Облыста 52 колледж жұмыс істейді, онда 33 мыңнан астам студент білім алуда, олардың басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс аясында оқиды. Мамандар даярлауды өзектендіру үшін білім беру бағдарламалары жаңғыртылып, цифрлық технологиялармен, автоматтандырумен және негізгі салалардың дамуымен байланысты жаңа мамандықтар енгізілді. Нәтижесінде автокөлік жасау, цифрлық техника, электр жабдықтарын қызмет көрсету және жөндеу, ауыл шаруашылығын механикаландыру секілді бірқатар бағыттар бойынша қабылдау орта есеппен 60 пайызға өсті, – деп баяндады облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.

Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде темірбетон және металл бұйымдарын өндіруге арналған мамандар даярлау басталды. Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжі бейінін өзгертіп, Цифрлық технологиялар және дизайн колледжі болып қайта аталды. Облыс колледждерінде 14 заманауи құзыреттілік орталығы ашылды. Сонымен қатар мектептерде медициналық және педагогикалық, аграрлық, IT, тау-кен және теміржол ісі бағыттары бойынша бейінді сыныптар жұмысын бастады.

Бес колледж халықаралық аккредитациядан өтіп, әлемдік стандарттарға сәйкестігін растады. Студенттер кәсіби шеберлік чемпионаттарында табысты өнер көрсетуде. Облыс құрамасы WorldSkills Kazakhstan 2025 чемпионатында үшінші орынды иеленіп, бес алтын, жеті күміс медаль және 14 медальон жеңіп алды.
Дулат Жекебаев 2026 жылы бес жаңа мамандық ашу жоспарланып отырғанын хабарлады. Олар: маркшейдер ісі, ет және ет өнімдерін өндіру, бұйымдарды химиялық тазалау және бояу, графикалық және мультимедиялық дизайн, гидротехникалық мелиорация.
– Жұмысшы мамандықтары жылы біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетті. Енді еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлауды жалғастыру, жаңа мамандықтар тізбесін кеңейту, халықаралық стандарттарды енгізу және кәсіпорындармен өзара байланысты күшейту маңызды. Негізгі міндет – білім сапасын арттырып, түлектеріміздің еңбек нарығында сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.