
Қарағанды қаласында 7–17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің белсенді әрі жан-жақты дамуына бағытталған Жас туристер станциясы өз жұмысын бастады. Қазіргі уақытта оқу топтарына қабылдау жүргізілуде.

Жоба Қарағанды облысының Білім басқармасының бастамасымен жүзеге асырылды.

Негізгі мақсат — өскелең ұрпақтың бойында көшбасшылық қабілеттерді қалыптастыру, физикалық төзімділікті арттыру және туған өлкені қадірлеуге тәрбиелеу.

Сабақтар тәжірибелі педагогтар тарапынан бірнеше бағыт бойынша өткізіледі. Атап айтқанда: спорттық бағдарлау, туризм, шаңғы спорты, садақ ату, әскери-патриоттық даярлық, хореография және геотактика.

Оқу үдерісі тегін негізде ұйымдастырылады.
Қабылдау үшін төмендегі құжаттар қажет:
- 027/у нысанындағы медициналық анықтама;
- баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
- 3×4 көлеміндегі бір фотосурет;
- ата-анасының өтініші;
- станцияда рәсімделетін келісімшарт.

Жас туристер станциясы келесі мекенжайда орналасқан: Үлкен Михайлов кенті, Учебная көшесі, 7/1.