
Қарағанды облысынан жастардың жаппай кетуі — өңір алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі. Осы түйткілге қатысты нақты ұсыныстарды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен жастар кеңесінің отырысында «Талдау мектебі. Қарағанды» / «Школа аналитики. Караганда» жобасының алғашқы легін тәмамдаған түлектер ортаға салды.

Жиында «Жастар үні» қоғамдық қорының директоры Асылан Смағұлов бастаған команда «Karaganda Vibe: жастар үшін өңірдің тартымды бейнесін қалыптастыру» жобасын таныстырды. Ұсынылған деректерге сәйкес, соңғы бес жылда Қарағанды облысынан шамамен 100 мың жас көшіп кеткен. Сарапшылар мұның негізгі себептері ретінде сапалы білім алу мүмкіндіктерінің шектеулілігін, кәсіби өзін-өзі жүзеге асыру алаңдарының аздығын, сондай-ақ бос уақыт пен креативті орта тапшылығын атап өтті.
— Қарағанды десе, көбіне индустриялық өңір бейнесі көз алдымызға келеді. Алайда бүгінгі жастар үшін бұл жеткіліксіз, — дейді Асылан Смағұлов. — Біз өңірдің тек шахталармен ғана емес, мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, креативті және цифрлық салалардағы кәсіби мамандарымен де байланыстырылғанын қалаймыз.
Команданың пайымдауынша, жастардың кету қарқынын демалыс пен бос уақыт экожүйесін дамыту, сондай-ақ креативті индустрияларды жүйелі қолдау арқылы төмендетуге болады. Осы бағытта жастарға қолжетімді қоғамдық кеңістіктер құру, ірі мәдени-фестивальдік жобаларды іске қосу және қаланың жаңа имиджін қалыптастыру ұсынылды.

Отырыста көтерілген екінші бастама — «Smart-серіктестік: өңір экономикасы мен білім беру жүйесінің синергиясы» жобасы. Мирас Нұрасамбаев пен Анияр Тоқмағамбетов ұсынған бұл жоба өңір өнеркәсібін кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне арналды. Қазіргі таңда облыс колледждері жыл сайын 7 мыңға жуық маман даярлағанымен, олардың жартысынан азы ғана еңбек нарығына бейімделе алады.
— Өнеркәсіп саласы қарқынды түрде цифрландырылып, автоматтандырылған модельдерге көшіп жатыр. Бұл жаңа құзыреттерді талап етеді, ал білім беру жүйесі бұл өзгерістерге үнемі ілесе бермейді, — деп атап өтті жоба авторлары. — Шешім ретінде Smart-серіктестік моделін ұсынамыз: жұмыс берушілердің оқу бағдарламаларын әзірлеуге тікелей қатысуы, цифрлық симуляторларды пайдалану, жеке білім беру траекторияларын енгізу және сұранысқа ие дағдылар бойынша қысқамерзімді модульдік курстар ұйымдастыру.
Талдау нәтижесінде өңірлік кадр даярлау жүйесін қалыптастыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірленді. Олардың қатарында кадрлық паспорт енгізу, «білім — өнеркәсіп» өзара іс-қимыл орталығын құру, мемлекеттік тапсырысты тапшылығы бар мамандықтарға бағыттау, ересектерді қайта даярлау бағдарламаларын кеңейту және колледждердегі мансаптық сервистерді күшейту бар.

Ұсынылған бастамалар облыс әкімі тарапынан жоғары бағаланды.
— Қысқа уақыттың ішінде мазмұнды әрі сапалы нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл жобаларды жүйелі түрде жалғастырып, жаңа легін қалыптастыру қажет, — деді Ермағанбет Бөлекпаев. Сондай-ақ өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне түлектер әзірлеген ұсынымдарды жастармен жұмыс барысында пайдалануды тапсырды.

«Талдау мектебі. Қарағанды» жобасы Сенаттың қолдауымен жүзеге асырылып, Қарағанды облысында алғаш рет дербес өңірлік аналитикалық алаң ретінде іске қосылды. Аналитикалық кадрларды даярлау орталығын құру бастамасын Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қолдаған. Жоба жастардың аналитикалық ойлауын, сыни пайымын және стратегиялық жоспарлау дағдыларын дамытуға бағытталған.