
Балқашта мектеп оқушылары үшін жаңа Қосымша білім орталығы өз жұмысын бастады. Орталықта Hi-tech шеберханасы, «Вкусный дом» кулинарлық мектебі және коворкинг жұмыс істейді.

Сонымен қатар, орталықта ағашпен жұмыс жасау, авиа- және кеме моделдеу, Қарым-қатынас мектебі секілді үйірмелер ашылған. Жаңа жылдан бастап физика және химия лабораторияларын іске қосу жоспарлануда.

Орталық барлық сабақтар үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мысалы, Hi-tech лабораториясында лазерлік-гравировкалау, ағаш өңдеу, бұрғылау, токарь және тісті-өңдеуші станоктар, сондай-ақ 3D-принтерлер бар.

Орталықтағы барлық сабақтар тегін өткізіледі.
«Қазіргі уақытта орталықта шамамен жүз бала білім алып жатыр. Жаңа қабылдау 2026 жылдың басында ашылады. Тіркелу e-daryn.kz сайты арқылы өздігінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ата-аналар немесе заңды өкілдер Ағыбай батыр атындағы Мектеп оқушылары сарайына № 027/у медициналық анықтама және баланың туу туралы куәлігін ала келсе, үйірмелерге жазылуға көмек көрсетіледі», – деп хабарлады Балқаш қаласының әкімдігі.

Қосымша білім орталығы Абай көшесі, 45, бұрынғы Мусин атындағы БТКК ғимаратында орналасқан. 2023–2024 жылдары ғимаратта іргелі жөндеу жүргізілген. Қазіргі уақытта төрт қабаттың екеуі пайдалануға берілген.