Қарағанды облысының ауыл оқушылары республикалық олимпиадада сегіз медаль жеңіп алды

Қарағанды облысының ауыл оқушылары республикалық олимпиадада сегіз медаль жеңіп алды

Қарағанды облысының ауыл мектептерінің оқушылары Астанада өткен қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың IV, қорытынды кезеңінде жоғары нәтиже көрсетті. Аймақ құрамасы байқау қорытындысы бойынша сегіз медальға ие болды: оның екеуі — күміс, алтауы — қола жүлде.

10–11 (12) сынып оқушыларына арналған олимпиадада Қарағанды облысының намысын жеті ауданнан келген 24 ауыл оқушысы қорғады. Күміс жүлдені Бұқар жырау ауданынан қатысқан Ертай Төлейхан (ағылшын тілі пәні бойынша үздік нәтижелердің бірі) және Шет ауданынан Жансезім Смайылова (құқық негіздері пәні) жеңіп алды.

Қола медаль иегерлері қатарында:

Арсений Бондарев (ағылшын тілі, Ақтоғай ауданы),

Жаншырақ Сержан (қазақ тілі мен әдебиеті, Бұқар жырау ауданы),

Ильяс Казенов (Қазақстан тарихы, Осакаров ауданы),

Ангелина Винникова (орыс тілі мен әдебиеті, Абай ауданы),

Сәния Разақова (қазақ мектептеріндегі орыс тілі, Нұра ауданы) және

Нари Сүлейманов (қазақ мектептеріндегі орыс тілі, Қарқаралы ауданы) бар.

Олимпиада қорытындысы бойынша ерекше жетістіктері үшін Дарья Поликарпова мен Нұрбек Әсеми де алғыс хаттармен марапатталды.

— Олимпиада жоғары деңгейде өтті. Байқау тапсырмаларын орындаумен қатар, қатысушылар Ұлттық мұражайға барып, ерекше әсер алды, — деді «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған аймақтық ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының әдіскері Айгерим Шагамбаева. — Сегіз медаль — бұл оқушылардың табанды еңбегінің, педагогтердің кәсіби шеберлігінің және өңірдегі ауыл мектептерінің зияткерлік әлеуетінің айқын көрсеткіші.