
Қарағанды облысында кәсіби гидтерді даярлау бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаның басты мақсаты — ішкі туризмді дамыту, экскурсиялық қызмет сапасын арттыру және кәсіби туризм ортасын қалыптастыру. Бес күндік оқу курсын 14 қатысушы — тәжірибелі гидтер, туристік компания қызметкерлері және туризм саласында жұмыс істеуге ниетті облыс тұрғындары сәтті аяқтады. Курс соңында барлығына ресми сертификат берілді.

Амина Есина мен оның TuranEl QazaqSport командасы Қарағанды облысында атпен экскурсиялар мен авторлық турлар ұйымдастырады. Бағдарлама қысқа серуендерден бастап бірнеше күндік маршруттарға дейінгі турларды қамтиды және ұлттық спорт түрлерінің элементтері көрсетіледі. Негізгі бағыттар Қарағандыдан Спасск, Қарагер және Шет аудандарына жүргізілген.

Шет ауданы Амина үшін ерекше мәнге ие — мұнда екі–төрт күндік атпен жүретін турлар ұйымдастырылып, қатысушылар көшпелі өмір салтымен танысады. Туристерге дала мен орман, таулар арқылы өту, шатырларда және киіз үйлерде түнеу, қала ырғағынан шалғай өмір сүру ұсынылады. Мұндай бағдарламалар туристерді дәстүрлі мәдениетпен таныстырады және қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар арасында жоғары сұранысқа ие.

– Шетелдік туристер үшін бес жұлдызды инфрақұрылым маңызды емес, шынайы аутентика маңызды: киіз үйлер, орман, дала, көшпелі өмір. Негізгі қызығушылық — этника мен дәстүрлерде, – дейді Амина Есина. – Туризмді дамыту және қонақтар санын арттыру үшін біз ЮНЕСКО-мен бірлесіп ұлттық спорт түрлері мен жылқыны дәстүрлі күту рәсімдерін материалдық емес мәдени мұра ретінде енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ресми мойындау мен насихаттау өңірді ерекше әрі туристер үшін тартымды етеді.
Амина туризмге саналы түрде келген — қаржы директоры қызметін тастап, жылқы мен туризмге қатысты қызметке ауысқан. Оның негізгі мақсаты — материалдық емес мәдени мұраны сақтау. Гид туризмнің сапасы тікелей мамандардың дайындығына байланысты деп санайды. Кәсіби стандартсыз салада тұрақты өсу мүмкін емес.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысының туристік агенттіктері негізінен көшпелі туризмге бағдарланған. Ішкі нарық бөлек дамуда, ал сертификатталған мамандар әлі аз. Алайда туристердің өңірге қатысты алғашқы әсерін гид қалыптастырады.

Осы мәселені шешу мақсатында туризм басқармасы Туристік ақпарат орталығымен бірлесіп, профильді ұйымдар мен сарапшылардың қолдауымен арнайы сертификаттау курсын ұйымдастырды.

– Гид — өңірдің бет-бейнесі. Қандай ақпарат ұсынылатынына байланысты туристер не көріп, нені есте сақтайтыны анықталады, – дейді туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская. – Биыл өңірге ТМД елдерінен, Қытайдан, Германиядан, Финляндиядан және Франциядан қонақтар келді. Сертификаттау маршруттарды қауіпсіз ұйымдастыруға, экскурсияларды сапалы өткізуге және тарихты нақты жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл туристер ағынын арттырып, жергілікті бизнестің кірісін көбейтеді.

Оқу бағдарламасы өңір тарихы мен мәдениетін, экскурсия өткізу әдістемесін, әртүрлі категориядағы туристермен жұмыс істеу тәсілдерін, этика, қауіпсіздік және алғашқы көмек негіздерін, коммуникация және маршруттарды насихаттауды қамтиды. Теориялық сабақтар практикамен үйлестіріледі. Оқыту Алматыдағы сертификатталған мамандар және шетелдік шақырылған лекторлар арқылы жүргізіледі.

– Гид — күрделі мамандық. Адамда білімпаздық, харизма және аудиториямен жұмыс істеу қабілеті болуы тиіс, – дейді тренер және экскурсия жүргізушісі Жанар Ғабит. — Біз қатысушыларға күрделі жағдайларда өз ойын жинақтап, сезімдерін басқаруды, турист психологиясын түсінуді, білімді көркем жеткізуді, сондай-ақ уақытты тиімді басқаруды үйретеміз.

Курс емтихан мен сертификат беру рәсімімен аяқталады. Заң бойынша сертификатсыз гид болып жұмыс істеу мүмкін емес.

– Ресми түрде жұмыс істеп, қызметті кеңейткім келеді. Туроператорлармен серіктестік үшін сертификат пен тіркеу міндетті, – дейді жоба қатысушысы Дамир Каримов. – Курстарда біз танысып, тәжірибе алмасып, бір-бірімізді бәсекелес емес, серіктес ретінде көруді үйренеміз.
Сонымен қатар өңірде туристік визит-орталық және профильді қауымдастықтармен бірлесе отырып жаңа маршруттар әзірленуде. Олар облыстың мәдени және табиғи нысандарын қамтиды. Қонақ үйлер мен хостелдерге QR-код енгізу жоспарланып отыр, ол арқылы туристер экскурсияларды таңдап, сертификатталған гидтермен турорталық арқылы байланыса алады. Мұндай гидтерге арналған семинарлар келесі жылы да жалғасады.
Семинарлар және өтінім беру тәртібі туралы ақпарат Visit Qaraganda сайтында жарияланады: visitqaraganda.kz.