Қарағандыда өңірдің тұңғыш суретшілеріне арналған көрме ашылады

Қарағандыда өңірдің тұңғыш суретшілеріне арналған көрме ашылады

21 желтоқсанда Қарағандыдағы «Алтын ғасыр» галереясында өңірлік бейнелеу өнерінің қалыптасуында айрықша рөл атқарған алғашқы суретшілерге арналған көрме өз жұмысын бастайды. Экспозицияда Қарағанды суретшілер одағы құрылған кезеңде жасалған түрлі жанр мен техникадағы туындылар, сондай-ақ оның негізін қалаушылардың шығармашылық үдерістегі архивтік фотосуреттері ұсынылады.

Көрмеде сегіз қылқалам шеберінің — Дмитрий Калмыков, Саркис Саносьян, Эмма Селезнёва, Виктор Крылов, Павел Речинский, Пётр Антоненко, Павел Андреюк және Алексей Плотниковтың шамамен 40-қа жуық еңбегі көпшілік назарына ұсынылмақ. Туындылар галерея қорына авторлардың туыстары тарапынан берілген.

«Алтын ғасыр» галереясының жетекшісі Бибігүл Испполованың айтуынша, дәл осы суретшілер кейін «Қарағанды изо» деп аталған суретшілер одағының іргесін қалаған.

— Біз суретшілердің жұмыс үстінде, кездесулер мен отырыстар барысында түсірілген фотосуреттерін іріктеп алдық. Мұндай кадрлар сол кезеңнің шығармашылық ахуалын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді, — деді галерея басшысы.

Көрме келесі жылдың 21 қаңтарына дейін жалғасады. Кіру — барлық келушілер үшін тегін.

Галереяның мекенжайы: Комиссаров көшесі, 35а.