
Эпостарды жатқа оқу, жанданған тарих және шынайы эмоциялар — Қарағандыда өңірдің мыңдаған оқушылары мен педагогтерін біріктірген «Тұлпар мініп, ту алған!» атты облыстық байқаудың қорытындысы шығарылды.
Шығармашылық жоба AMANAT партиясының бастамасымен Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
— «Тұлпар мініп, ту алған!» — бұл қазақ ұлтының рухани мұрасын қайта жандандыруға бағытталған жақсы бастама. Бөгенбай батырдың ерлігі бүгінге дейін жастарды жігерлендіреді. Оқушылар тарихқа ерекеше қызығушылық танытып, құрметпен қарайтыны міндетті түрде өз жемісін берері сөзсіз, — деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Ұйымдастырушылардың мәліметіне сай, жобаға 4 мыңнан астам оқушы және 2 мыңнан астам педагог қатысқан. Олардың арасында 70-ке жуығы өзге ұлт өкілдері және орыс тілде білім алатын сыныпта оқитын оқушылар. Жюри өкілдерінің айтуынша, бұл өз кезегінде байқаудың ең құнды нәтижесіне айналды.
Аудандық және қалалық кезеңдерден кейін облыстық турға тәлімгерлерімен бірге 39 финалист шықты. Қорытынды кезеңде қатысушылар Тастыбай Жағыпарұлының нұсқасындағы «Бөгенбай батыр» эпосын жатқа оқып, көне сөздер мен ескі сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіріп, географиялық атауларды анықтап, қазақ тілі және әдебиеті бойынша сұрақтарға жауап берді — қатаң түрде жас ерекшелігіне сай бағдарлама бойынша.
Шет ауданының Ә. Ермеков атындағы тірек мектебінің 9-сынып оқушысы Райана Әмірханова байқаудың жеңімпазы атанды. Ол 1 миллион теңгеге сертификат және Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде оқуға грант ұтып алды.
Оның тәлімгері — Толғанай Ерменбетоваға да миллион теңге және «Қазақ тілі» Халықаралық ұйымы ұсынған автокөлік сыйға тартылды.
— Біз оқу жылының басынан дайындала бастадық. Бұл өте ұзақ әрі күрделі жол болды. Еңбегіміз ақталғанына қуаныштымыз. Осындай байқаулар көбірек болса екен дейміз: олар балаларды қазақ классиктерінің шығармаларын терең зерттеп, оқуға шын мәнінде ынталандырады, — деп бөлісті Толғанай Ерменбетова.
Екінші орын Әлихан Бөкейхан атындағы Ақтоғай тірек мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Инабат Сәрсенбекқызына бұйырды. Жетекшісі — Арайлым Тенелді. Оқушы мен педагог 500 мың теңгеге сертификаттар алды.
Үшінші орынды Шет ауданының Ю. Гагарин атындағы мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Жанерке Өмірғалиева иеленді. Тәлімгері — Жұлдыз Шопанова. Оларға 250 мың теңгеге сертификаттар табысталды.
Жюридің арнайы сыйлығы №1 Қарағанды мамандандырылған мектеп-интернатының 7-сынып оқушысы Нұрсая Рзағалиге табыс етілді. Жетекшісі — Гүлнұр Балтабаева.
Фото Александр Марченко