Қарағанды облысының спортшылары Сурдлимпиададағы жоғары жетістіктері үшін марапатталды

Қарағанды облысының спортшылары Сурдлимпиададағы жоғары жетістіктері үшін марапатталды

Токиода өткен ХХV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қарағанды облысының спортшылары бес медаль жеңіп алды, оның екеуі – алтын. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыс әкімдігінде салтанатты түрде құрметке бөленді. Айрықша нәтижелері үшін спортшылар мен олардың бапкерлеріне ақшалай сыйақылар табысталды.

– Сіздерге жүктелген міндет зор болды – өз жеңістеріңіз арқылы қазақстандық спорттың әлеуетін әлемдік деңгейде дәлелдеу. Алдағы уақытта да толағай табысқа жетіп, ең беделді жарыстарда жаңа биіктерді бағындыруларыңызға тілектеспін, – деді өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев сурдлимпиадашыларды құттықтай отырып.

Еркебұлан Қанафин дзюдомен шамамен 25 жылдан бері айналысып келеді. Оның еншісінде әлемдік деңгейдегі бірнеше ірі жеңіс бар. Бұл – спортшының өмір жолындағы екінші Сурдлимпиадасы, және екі жарыста да ол чемпион атанды.

Токиода Еркебұлан Қанафин есту қабілеті шектеулі спортшылар арасында 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Финалдық белдесуде венгриялық дзюдошы Патрик Отвошты айқын басымдықпен жеңді. Нәтижесінде қарағандылық спортшы ел құрамасының қоржынына жеке және командалық есепте екі алтын медаль салды.

Спортшыны баптайтын Сергей Дмитренко бұл жеңістің командалық жұмыстың нақты нәтижесі екенін атап өтті.

– Барлық қарсыластар өте мықты болды. Әсіресе Алжир мен Жапония спортшыларымен өткен белдесулер аса тартысты өтті. Жеңіске жауапты дайындық, бапкерлік нұсқаулар мен үздіксіз жаттығулар жеткізді, – деді Еркебұлан Қанафин.

Сурдлимпиада чемпионы жастарды тынымсыз еңбек етуге, нақты мақсат қойып, соған табандылықпен жетуге шақырды.

Қола жүлделерді таэквондошылар Аян Әбдіраш (58 кг),

Айжамол Әбдікәтова (57 кг)

және Аида Мақатова (67 кг) иеленді.

– Паралимпиадалық спорттың қарқынды дамып келе жатқанына қуаныштымын. Алдағы уақытта алтын медаль алу үшін бар күш-жігерімді саламын, – деп уәде берді Аида Мақатова.

Республикалық сурдотаэквондо федерациясының президенті және жаттықтырушы  Руслан Ищановтың айтуынша, бүгінде облыста есту қабілеті бұзылған 85 спортшы таэквондомен шұғылданады. Бұл спорт түрінен өңір республика бойынша көшбасшы қатарында.

Өңір басшысы мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған жағдайды одан әрі жақсартуды тапсырды.