Қарағандылық боксшылар IBA әлем чемпионатында алтын мен күміс иеленді

Қарағандылық боксшылар IBA әлем чемпионатында алтын мен күміс иеленді

Қарағанды облысының спортшылары Абылайхан Жүсіпов пен Сабыржан Аққалықов Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған әлем чемпионатында алтын және күміс медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының табысын еселеді. Әлемдік дода Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті.

71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Абылайхан Жүсіпов финалдық кездесуде ресейлік Сергей Колденковты айқын басымдықпен жеңіп, әлем чемпионы атанды. Абай қаласындағы бокс мектебінің түлегі бұған дейін әлем чемпионаттарында үш мәрте қола жүлдегер болған.

Шахтинск қаласының өкілі Сабыржан Аққалықов Әлем Чемпионаты-2025 бәсекесінде Қазақстан құрамасының қоржынына жалғыз күміс медаль салды. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалда ол ресейлік Исмаил Мутсолговпен кездесіп, жекпе-жек төрешілердің бірауызды шешімімен (0:5) қазақстандық боксшының жеңілісімен аяқталды.

Жалпы, IBA әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы алты медаль иеленді. Алтын жүлдені Сәкен Бибосынов (51 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг) және Абылайхан Жүсіпов (71 кг) жеңіп алды. Күміс медаль Сабыржан Аққалықовтың (75 кг) еншісінде. Қола жүлделерді Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг) пен Теміртас Жүсіпов (48 кг) иеленді.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша