
Қарағанды облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 102 мыңға жетті. Бұл салада 236 мың адам еңбек етеді, яғни өңірдегі жұмыспен қамтылған халықтың 43,5 пайызы. Шағын және орта бизнес кәсіпорындары өндірген өнім көлемі 38 пайызға өсіп, 1 973,8 млрд теңгені құрады. Жыл ішінде жалпы құны 11,5 млрд теңге болатын 92 жаңа нысан пайдалануға берілді. Өңірдің кәсіпкерлік саласында тағы қандай нәтижелер бар?
Жобаларды қолдау
2025 жылы шағын және орта бизнеске жалпы сомасы 65,4 млрд теңгені құрайтын 2 мың жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Әлеуметтік кәсіпкерлерге 40 млн теңгеге 8 грант берілді.
Кәсіпкерлікті сүйемелдеу аясында облыс кәсіпкерлеріне 8 979 консультативтік қызмет көрсетілді.
Сауда
Ішкі сауда көлемі 9,7 пайызға өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетті.
Бөлшек сауда көлемі бойынша Қарағанды облысы республикада 3-орында, көтерме сауда көрсеткіші бойынша 4-орында тұр.
Электрондық сауда көлемі 22,8 млрд теңгені құрап, бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада 3-орынды иеленді.
Салық саясаты
Қарағанды облысы бөлшек салық мөлшерлемесін алғашқылардың бірі болып 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетті. Салық енгізілген сәттен бастап салық төлеушілер саны 30 есеге өсіп, 4,2 мыңға жетті.
Шағын және орта бизнестен түскен салық түсімдері 299,5 млрд теңгені құрап, жалпы салық түсімдерінің 54 пайызын қамтамасыз етті.
Өңірлік жалпы өнім құрылымындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 18,7 пайызға жетіп, 0,9 пайыздық тармаққа артты.