Теорияның орнына өндірістік кейстер: қарағандылық студенттер нақты өндірістік міндеттерді шешуде

Теорияның орнына өндірістік кейстер: қарағандылық студенттер нақты өндірістік міндеттерді шешуде

Қарағанды облысында студенттер, магистранттар және жас ғалымдар екі күн бойы нақты өндірістің өзекті мәселелеріне арналған инженерлік шешімдер әзірледі. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті жанындағы QarTech өңірлік инновациялық-индустриялық хабында Maker құю-машина жасау зауытының қатысуымен технологиялық хакатон өтті.

Хакатонға тоғыз команда қатысты. Қатысушыларға үш өндірістік кейс ұсынылды: полимерлер мен аддитивті технологияларды пайдалана отырып, пресс-формаларды дайындаудың балама әдістерін әзірлеу; USB-тасымалдағыштарды қолданбай, СББ-станоктарға арналған бағдарламаларды қашықтан беру және түзету жүйесін құру; жаңа балқыту пешіне арналған ГМҚ желісінде қалыптау құмын жедел салқындату бойынша тиімді шешімдер табу.

Іс-шара зауытқа ұйымдастырылған экскурсиядан басталды. Қатысушылар өндірістегі өзекті мәселелерді презентациялардан емес, тікелей цехтарда көріп, технологиялық процестермен танысты.

— Біз экономикалық тиімділік әкелетін, өндірісте қолдануға дайын шешімдерді күтеміз. Университетпен әріптестік бізге сапалы инженерлік әзірлемелер алуға мүмкіндік береді, ал студенттер үшін бұл – нақты өндірістік ортада тәжірибе жинаудың бірегей алаңы, - деді «Maker» ЖШС бас технологының орынбасары Шералы Бекболатов.

Мәселелермен танысқаннан кейін командалар міндеттерді бөліп алып, жобаларды әзірлеуге кірісті. Бірінші курс студенті Альбер Карашин хакатонға екінші рет қатысып отыр. Бұған дейін, қараша айында, оның «Сникерс» командасы жүлделі орынға ие болған.

— Инженерия мен өнертапқыштық бағытта дамығым келеді. Бұл жолы командамызды IT және тау-кен саласының мамандарымен толықтырып, бірден екі кейсті қолға алдық. Дайындығымыз жоғары, сондықтан нәтижеге сенімдіміз, – деді ол.

Іс-шараның ұйымдастырушысы – QarTech хабы. Бұл Қазақстанда ғылымды, бизнесті және мемлекеттік құрылымдарды тоғыстырып, өнеркәсіпке қолданбалы шешімдерді енгізуге бағытталған алғашқы өңірлік алаң.

— Біздің басты міндетіміз – өндірісте нақты іске асатын жобалардың пайда болуына жағдай жасау. Мұндай хакатондар жастарға шынайы өндірісті түсінуге, инженерлік және жұмысшы мамандықтардың маңызын сезінуге көмектеседі, ал кәсіпорындарға университеттермен бірлескен жұмысқа арналған өзекті міндеттер пулын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді университеттің коммерцияландыру офисінің басшысы Рустам Бузяков.

Жобаларды зауыт өкілдері, өнеркәсіп басқармасының мамандары және университет ғалымдарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Бағалау барысында технологиялық деңгейі, инновациялық шешімдер және өндірісте енгізуге дайындық негізгі критерийлер ретінде алынды.

СББ-станоктарға арналған кейс бойынша «Машина жасау генийі» командасы жеңімпаз атанды. Олар қарапайым әрі тәжірибеде қолдануға қолайлы бағдарламалық шешім ұсынды. Қалыптау құмын жедел салқындату бағыты бойынша «Алдыңғы қатарлы инженерия» командасының жобасы үздік деп танылды.

— Хакатонға алғаш рет қатысып, бірден жеңіске жеттік. Бұл – баға жетпес тәжірибе. Біз инновациямен қатар практикалық қолдануға басымдық бердік, – деді команда мүшесі Александр Широков.

Қазылар алқасы сондай-ақ бірінші курс студенттерінен құралған «Сникерс» командасының креативтілігі мен әлеуетін ерекше атап өтті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Фото: Жұмабек Иманәлиев