
Қарағанды облысында «Үздік тарихшы – 2025» облыстық байқауының жеңімпазы белгілі болды. Мамандандырылған «Дарын» мектеп-лицей-интернатының тарих пәні мұғалімі Әділ Тобылов 2025 жылдың үздік тарихшысы атанды. Байқау қорытындылары «Тарих толқынында» атты тарихи сауаттылық апталығы аясында шығарылды.

Кәсіби додаға Қарағанды облысының 15 тарих пәні мұғалімі қатысып, ақтық кезеңге алты үздік педагог жолдама алды.

Байқауды облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.

Шешуші кезеңде қатысушылар өздерінің таныстырылымдарын ұсынып, «Тарихи тұлғалар» тақырыбында театрландырылған қойылым көрсетті, сондай-ақ тарихты оқытуда жасанды интеллектті қолдану жөнінде TEDx форматындағы презентациялар жасады. Сахнада Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Жұмабек Тәшенов сынды көрнекті тұлғалардың бейнелері сомдалды.

Әділ Тобыловтың айтуынша, ол мамандығын саналы түрде таңдаған.
— Мен оқушыларға тарихи оқиғаларды терең түсінуді, олардың себеп-салдарын талдауды, өз ой қорытындыларын жасауды үйреткім келеді. Тарих өткеннің қателіктерін қайталамауға көмектеседі, дүниетанымды қалыптастырып, мәдениет пен дәстүрге құрмет сезімін арттырады, — деді педагог. — Бұл байқаудағы жеңіс мен үшін дұрыс жолда келе жатқанымның дәлелі әрі алдағы уақытта кәсіби тұрғыда дамуға үлкен ынталандыру.

Тарих пәні мұғалімі үшін ең күрделі тапсырмалардың бірі Шоқан Уәлихановтың бейнесін сомдауға арналған театрландырылған қойылым болды.

Ол бұл тарихи тұлғаны өз халқына және ғылымға адал қызмет еткен, білімді әрі мақсатшыл азаматтың үлгісі ретінде таңдағанын атап өтті.

Байқауда екінші орынды Қарқаралы ауданы №20 мектептің мұғалімі Қуаныш Асқар мен Шет ауданы Ш. Батталова атындағы тірек мектептің ұстазы Перизат Мақсұт өзара бөлісті. Үшінші орынға Қарағанды қаласындағы №27 мектептің мұғалімі Жақсылық Ысқақов, Ақтоғай ауданы Шашубай тірек мектебінің ұстазы Керім Есімханов және Бұқар жырау ауданы Ж. Аймауытов атындағы мектептің мұғалімі Мұрахан Сейітхан ие болды.
