Қарағандылық студенттер киберқауіпсіздікті әлемдік деңгейдегі жабдықта үйренетін болады

Қарағандылық студенттер киберқауіпсіздікті әлемдік деңгейдегі жабдықта үйренетін болады

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттері енді киберқауіпсіздік бағытында заманауи жаңа зертханада білім ала алады. «Киберқауіпсіздік және жасанды интеллект» кафедрасында Fortinet компаниясының желілік қауіпсіздік бойынша оқу зертханасы ашылды.

Зертхана Fortinet-тің кәсіби жабдықтарымен толық жабдықталған. Бұл компания киберқорғаныс саласындағы әлемдік жетекшілердің бірі саналады. Басты артықшылығы — әр студентке жеке стенд беріледі, сондықтан олар нақты корпоративтік міндеттерге барынша жақын жағдайда жұмыс істей алады.

Осы семестрден бастап болашақ мамандар тәжірибедік пәндерді оқуды бастайды: фаерволдар, коммутаторлар мен кіру нүктелерін баптау, кибершабуылдардан қорғау, VPN, IPS, SD-WAN, FortiGuard құралдарымен жұмыс, трафикті талдау және қауіпсіз желілік архитектураларды жобалау.

Зертхананың ашылуы «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Желілік қауіпсіздік» және «Есептеу техникасы және БҚ» білім беру бағдарламалары бойынша практикалық дайындықты айтарлықтай күшейтеді. Студенттер заманауи қорғаныс құралдарымен жұмыс істеп, киберқауіптерге қатысты нақты сценарийлерді талдап, оларға тиімді қарсы тұруды үйренеді.

— Желілік қауіпсіздік зертханасы — инфрақұрылымы әлемдік деңгейдегі кәсіпорындармен жұмыс істей алатын мамандарды даярлауға арналған сапалы жаңа практикалық база, — деп атап өтті университет ректоры Сауле Сагинтаева.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша