
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында XVII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғыстарынан бастап бүгінгі Қазақстан Қарулы Күштеріне дейінгі тарихи кезеңдерді қамтыған ерекше көрме ашылды. Диорамаларды әскери қызметкерлердің өздері жасаған. «Бейбітшілік – ел тілегі» атты, Тәуелсіздік күніне арналған мұражай сабағына колледж студенттері қатысты. Сабақты жобаның авторы әрі идеялық шабыттандырушысы – №44803 әскери бөлімінің С-300 зенит-зымыран дивизионы командирінің орынбасары, майор Рамазан Бахтияров өткізді.

Кездесу мазмұнды да әсерлі болды. Экспозиция көрерменді бейнебір уақыт машинасына мінгізгендей, тарихи оқиғаларды көз алдыңда қайта тірілткендей әсер қалдырады. Курск шайқасы, Бородино ұрысы, Ауған соғысы, Вьетнамдағы оқиғалар – әр диорама жүздеген ұсақ мүсіндермен мұқият құрастырылған. Фигуралардың барлығы қолмен боялған, ал табиғи материалдардан жасалған рельеф сахнаның шынайылығын айшықтай түседі. Панораманы тарихи фотосуреттер толықтырады.

Бұл туындылар – ұзақ уақыт пен тиянақты еңбектің нәтижесі. Рамазан Бахтияров миниатюра өнеріне Г. К. Жуков атындағы Әуе-ғарыштық қорғаныс академиясында оқып жүрген кезінде қызыққанын айтады.

Қазір ол сарбаздармен бірге диорама жасап, жеке хоббиін тәрбиелік әрі білім беру тәжірибесіне айналдырып отыр.

Майордың айтуынша, бір диораманы дайындауға екі айға дейін уақыт жұмсалады. Ең күрделі жұмыс – «Бородино шайқасы». Онда шамамен 300 сарбаз бен сонша жылқы бейнеленген, ұсақ детальдің көптігі еңбекті айрықша күрделендірген.

Кездесуде бейбітшіліктің құндылығы, ел тарихын білу мен патриоттық тәрбиенің маңызы жайлы кеңінен сөз болды.

– Бұл диорамалардың барлығы – біздің батыр бабаларымызға тағзым. Өзіңнің өткеніңді білмей, шынайы патриот болу мүмкін емес. Осындай сабақтар жастарға ауадай қажет: өткенді тану – білімді толықтырады, дүниетанымды кеңейтеді, – дейді Рамазан Бахтияров.

Көрме 16 желтоқсанға дейін жалғасады.

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы Бұқар жырау даңғылы, 76 мекенжайында орналасқан («45-ші орам» аялдамасы).
