
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарқаралы ауданының Нүркен ауылында асық ату бойынша ашық турнир өтті. Додаға еліміздің бірнеше өңірінен келген 14 команда қатысты. Жарысқа Павлодар, Жамбыл, Ақмола, Қарағанды облыстары мен Ұлытау облысының спортшылары жиналды. Шараның мақсаты – ұлттық спорт түрлерін кеңінен дәріптеу және дәстүрді сақтау.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс аса тартысты әрі көрнекі өткен. Нәтижесінде Павлодар облысының Екібастұз қаласынан келген команда бірінші орынды, Шет ауданының Ақжал кентінен келген спортшылар екінші орынды, ал Теміртау командасы үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар, кубоктар және арнайы төсбелгілер табысталды.
Турнирдің ұйымдастырылуы мен өткізілуіне Нүркен ауылы жастары Қарқаралы аудандық спорт бөлімімен бірлесе отырып ерекше белсенділік танытты.

«NOVA-Цинк» кәсіподағының төрағасы, Ақжал кентінің тұрғыны Тілеу Сармантаев жергілікті команданың жетістіктері туралы айта келе, Ақжалда асық ату спортымен жүйелі түрде айналысу осыдан үш ай бұрын басталғанын жеткізді. Осы қысқа уақыт ішінде ауыл спортшыларын біріктіріп, ішкі іріктеу өткізіп, «Ақжал» командасын жасақтауға мүмкіндік туған.
Команда үшін алғашқы маңызды сынақ – «QAZAQMETAL KASIPODAGY» өнеркәсіп кәсіподағы ұйымдастырған кәсіпорындар арасындағы спартакиада болды. Ол кезде жүлдегерлер қатарына ену мүмкін болмады. Өткен айда спорт ардагері, Қазақстан Республикасының спорт шебері Каппас Бижановтың 65 жылдығына арналған республикалық ашық турнирде де команда медаль ала алмады.

Осы екі жарыстағы жеңілістен кейін команда құрамы қайта қаралып, ауыл спортшыларымен күшейтілді. Жаңарған құрам Нүркен ауылындағы командалық турнирге тыңғылықты дайындалды. Қызу тартыста Ақжал спортшылары финалға дейін жетіп, шешуші кезеңде Екібастұз командасына есе жіберіп, нәтижесінде екінші орынды иеленді.
– Қарсыластар өте жақсы дайындалған. Ойын жоғары деңгейде өтті. Біз финалға дейін жетіп, тек соңғы шешуші кезеңде есе жіберіп алдық, – деді Тілеу Сармантаев.

Қазіргі уақытта Ақжал командасы келесі жарысқа дайындық үстінде. Алдағы дода Бұқар жырау ауданының Қызылжар ауылында өтеді.
Ауылда ұлттық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда: жастар үшін асық ату бойынша тегін секциялар ашылған, мектеп оқушылары арасында жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Фото: Тілеу Сармантаев