
Теміртауда қазақ тілін үйренуге ынталандыратын ерекше такси қызметі іске қосылды. Мұнда жолақы ақша түрінде емес, қазақ тілінде қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беру арқылы төленеді.

«ТАКСИДЕГІ QUIZ» деп аталатын жоба металлургтер қаласында 3 желтоқсанда бастау алды. Басты мақсат — түрлі ұлт өкілдері арасында қазақ тілін кеңінен насихаттау және тұрғындарға тілдік бөгеттерді жеңуге көмектесу.

Идея Теміртау қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Тілдік ресурстық орталығы мамандарына тиесілі.
Бұл таксиде барлық сапар жолаушылар үшін тегін. Жол бойы жүргізуші қазақ тілінде түрлі сұрақтар қойып отырады. Әрбір дұрыс жауап үшін жолаушыға шағын естелік сыйлық табысталады.
Қызмет күн сайын 17:00–19:00 аралығында көрсетіледі. Бұл уақыттың таңдалуына да себеп бар.

«Осы мезгілде қалада такси жетіспеушілігі байқалады. Көп адам жұмыстан қайтады, біреулер балабақшаға немесе мектепке барып, балаларын алып кетеді, үйірмелерге апарады. Сондықтан тұрғындарға барынша қолайлы болуы үшін дәл осы уақыт белгіленді», – дейді Тілдік ресурстық орталығының мамандары.

Әзірге ерекше таксидің клиенттері көп емес. Дегенмен идея авторлары жобаның танымалдығы артып, адамдарға қазақша сөйлеуге септігін тигізеді деп үміттенеді.
«ТАКСИДЕГІ QUIZ» қызметіне жазылу үшін WhatsApp арқылы 8-747-938-48-27 нөміріне хабарласу қажет.