«Құқықтық тәртіп әліппесі»: қарағандылықтарға облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жұмысы таныстырылды

«Құқықтық тәртіп әліппесі»: қарағандылықтарға облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жұмысы таныстырылды

Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өз жұмысын жұртшылыққа ашық көрсетті. Қарағандыда «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқықтық тәртіп әліппесі» акциясы өтті.

Бұл акция облыстық прокуратура жанындағы жобалық офис жүргізіп отырған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болды. Мұнда күн сайын халыққа арналған кездесулер, дәрістер мен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Қаржылық мониторинг агенттігінің құрылғанына бес жыл толуына орай, 2025 жылғы 10 желтоқсанда Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ашық есік күнін өткізді. Іс-шараға қонақ болып мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері, блогерлер, қоғам белсенділері және жастар ұйымдарының мүшелері келді.

Қатысушыларға экономикалық тергеп-тексеру қызметінің ішкі жұмысы көрсетілді. Олар ведомствоның негізгі бағыттарымен танысты: сотқа дейінгі тергеп-тексеру қалай жүргізілетіні; істердің Біріңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне қалай тіркелетіні; тергеу бөлімшелері мен криминалистика бөлімінің жұмысы қалай ұйымдастырылатыны түсіндірілді.

Сонымен қатар, қызметкерлер өңірде аяқталған қылмыстық істердің нақты мысалдарын талдап, қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударды.

Қонақтарға Қаржылық мониторинг агенттігінің жобалары – қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант, цифрлық гигиена жөніндегі интерактивті дәрістер және Qarzhy Saqshysy оқыту ойыны таныстырылды. Бұдан бөлек, қатысушыларға қаржылық қауіпсіздік бойынша жеке дәріс оқылды.

Қоғам өкілдері мұндай ашықтық құқық қорғау органдарының жұмысын жақсы түсінуге және азаматтар мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

– Құқық тәртібі – ең алдымен халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында мемлекеттік органдардың атқарып жатқан жұмысы. Сондықтан қоғаммен ашық әрі конструктивті диалог қамтамасыз ету өте маңызды, – деді Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ержан Өтебаев.

«Құқықтық тәртіп әліппесі» акциясы өңірде құқықбұзушылықтың алдын алу мен құқықтық мәдениетті дамыту жұмыстарының маңыздылығын тағы бір дәлелдеді.