
Биыл Қазақстанда жаңа әскери қызмет түрі — резерв қызметі енгізілді. Ол әскери міндетті азаматтарды ерікті түрде, аймақтық принцип бойынша дайындауды көздейді. Жаңа жүйе елдің мобилизациялық әлеуетін арттыра отырып, әскер қатарының көлемін көбейтпей, қорғаныс қабілетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Резерв қызметі контракт негізінде жүргізіледі және негізгі жұмыспен үйлесімді түрде атқарылады. Резервисттерді оқыту жақын орналасқан әскери бөлімдерде жүзеге асырылады. Дайындық бағдарламасы жылдық жиындарды (екі жылдан аспайтын мерзімде), 30 күндік оқу-жаттығуларды және ай сайынғы 2–3 күндік қысқа сабақтарды қамтиды.

Қызметке үміткерлерді іріктеу контракттік қызметке ұқсас өлшемшарттар бойынша жүргізіледі. Негізгі талап — әскери дайындық болуы. Жас шектеулері: офицерлер үшін 60 жасқа дейін, сержанттар мен сарбаздар үшін 50 жасқа дейін. Резерв қызметіне әйелдер де жалпы тәртіп бойынша қатыса алады.

Резервисттер дайындық жиындары кезінде өз жұмыс орнын сақтайды. Жалақы жұмыспен қамтылған азаматтарға негізгі жұмысының орташа табысына сәйкес төленсе, жұмыссыздарға — 85 мың теңге көлемінде минималды жалақы тағайындалады.

Қызметке кеңейтілген әлеуметтік пакет кіреді: тегін медициналық қызмет, тамақтандыру, әскери шенін көтеру мүмкіндігі, жиындар кезіндегі ақшалай төлемдер, еңбек өтіліне есепке алу, сондай-ақ жарақат алған жағдайда өтемақы.

Қарағанды гарнизонындағы әскери бөлімдер резервисттерді қабылдауды бастады. Еріктілерге тұрғылықты жері бойынша әскери басқару органдарына (военкоматқа) немесе тікелей Қорғаныс министрлігінің бөлімдеріне жүгіру ұсынылады.
