Поэзия мен тарих үндесті, дәстүр сабақтастығы жалғасты – Бұқар жырау ауданында айтыс өтті

Поэзия мен тарих үндесті, дәстүр сабақтастығы жалғасты – Бұқар жырау ауданында айтыс өтті

Бұқар жырау ауданына қарасты Ботақара кентінің Мәдениет үйі тірі сөзге, суырыпсалма өнерге жан-тәнімен ғашық жандардың басын қосты. Мұнда республикалық деңгейдегі ақындар қатысқан айтыс ұйымдастырылды. Бұл өнер бәсекесі ел тарихындағы бірқатар маңызды мерейтойларды ұлықтап, ұлт мәдениетінің терең тамырын тағы бір еске салды.

Атап айтқанда: Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, халық ақыны Доскей Әлімбайұлының 175 жылдығы, Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның 35 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 30 жылдығы.

Ботақараға елдің әр өңірінен айтыс пен жыр өнерінің майталмандары келді. Кешті ақын, қоғам қайраткері Аманжол Әлтай жүргізді. Сахнада тәжірибелі ақындар мен жас таланттар сөз сайысына түсті.

Айтысқа қатысушылардың бірі, ақын Балғынбек Имашев Ботақараның айтыс мұрасын ерекше құрметтейтінін атап өтті.

— Біз бұл жерде алғаш рет өнер көрсетіп тұрған жоқпыз. Ботақарада айтыс әрдайым жоғары деңгейде өтеді, ал бүгін тіпті ерекше. Халықтың мұндай кездесулерді асыға күтетіні көрініп тұр. Олардың шынайы ықыласы ұлттық өнерге жаңа тыныс береді, — деді ол.

Өз сөзінде Аманжол Әлтай рухани сабақтастықтың маңыздылығын еске салды.

— Биыл алғаш рет аталып өткен Ұлттық кітап күні — оқырман елдің өркендеуге ұмтылатынының белгісі. Абай да дәл осындай халықты елестеткен. Биыл сондай-ақ халық ақыны, өз дәуірінің айнасына айналған шығармалардың авторы Доскей Әлімбаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Бүгін ақындар Абай, Бұқар жырау және Доскей образы арқылы ұрпақтар арасындағы алтын арқаудың үзілмегенін көрсетті. «Бұқар мен Доскейлердің жалғасымыз» айтысы игі дәстүрге айналсын, — деді ол.

Биыл сахнада бәсекелестік элементі болған жоқ.

Дегенмен айтыскерлер жеке номинациялар бойынша ақшалай сертификаттармен марапатталды, жыр өнерінің өкілдері де құрметке бөленді. Жарқын орындаулар, терең образдар, көрерменнің ыстық ықыласы — мұның бәрі Ботақарадағы кешті жай ғана мәдени шара емес, қазақ поэзиясы мен ән өнерінің шынайы мерекесіне айналдырды.

Фото: Жанұзақ Мәкішев