Қарағанды облысында биыл кезектегілер үшін 1231 пәтер сатып алынады

Қарағанды облысында биыл кезектегілер үшін 1231 пәтер сатып алынады

Қазақстанда 2023 жылдан бастап әлеуметтік осал топтар үшін тұрғын үй жеке құрылыс салушылардан тікелей сатып алынады. Бұл мақсатқа қажетті қаражат жергілікті бюджеттерден бөлінеді. Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында биыл кезекте тұрған азаматтар үшін 1231 пәтер сатып алу жоспарланған.

Қарағанды қаласында былтыр 381 пәтер сатып алынса, биыл бұл көрсеткіш бір жарым есеге артып, 567-ге жетеді.

«Барлық пәтер тек тұрғын үй алу кезегінде тұрған азаматтарға сатып алынады. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 68-бабына сәйкес, бірінші кезекте тұрғын үй әлеуметтік осал топтарға беріледі. Тұрғын үйді сатып алу және бөлу рәсімі заңнамаға сай жүргізіледі. ҚР Индустрия және құрылыс министрінің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы № 151 бұйрығына („Республикалық бюджет және (немесе) мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен тұрғын үй салуды және (немесе) сатып алуды қаржыландыру, тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасы азаматтарына тұрғын үйді мониторингілеу және іске асыру қағидаларын бекіту туралы“) және қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кезектегілер үшін тұрғын үй сатып алу басталды. Пәтерлердің аудандары әртүрлі, себебі олар отбасы құрамына қарай бөлінеді», – деп түсіндірді Қарағанды әкімдігі.

Балқашта 94 пәтер, Саранда – 90, Приозёрскіде – 24, Теміртауда – 25 пәтер сатып алынып жатыр. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі кезектегілер үшін де тұрғын үйлер алынады. Мысалы, Шет ауданында 92 пәтер сатып алынды, жыл соңына дейін тағы 32-сі қосылады. Абай ауданында тұрғын үй мәселесі 129 отбасының пайдасына шешіледі.

Сонымен қатар сатып алынатын тұрғын үйлер мемлекеттік сәулет, қала құрылысы және құрылыс нормаларының талаптарына сәйкес, ІІІ–IV жайлылық класына жататын, таза әрлеуі бар баспана болуы тиіс.