Металлургтер, геологтар, мұнайшылар: Қарағандыда жасалған арнайы аяқ киімді кімдер таңдайды

Металлургтер, геологтар, мұнайшылар: Қарағандыда жасалған арнайы аяқ киімді кімдер таңдайды

Қарағанды аяқ киім фабрикасы өнеркәсіптік кәсіпорын қызметкерлеріне арналған арнайы аяқ киім – берцтер, етіктер шығарады. Әр жұп толық цикл бойынша дайындалады: былғарыны пішуден бастап, құйма табаны бар дайын өнімге дейін. Бренд Қазақстанның барлық өңірінде танымал. Қарағандыда өндірілген жұмыс аяқ киімі түрлі салаларда кең сұранысқа ие: оны металлургтер, теміржолшылар, энергетиктер, геологтар мен мұнайшылар пайдаланады.

Кәсіпорын өкілдері Батыс Қазақстандағы мұнай компанияларымен әріптестікті кеңейту мүмкіндіктері туралы айтты. Мұндай ынтымақтастыққа жергілікті өндірушілерді қолдау бойынша өңірде жүргізіліп отырған жүйелі жұмыс ықпал етуде. Биыл облыс әкімдігінің бастамасымен мұнай-газ секторындағы ең ірі операторлардың бірі – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының делегациясы Қарағандыға келді. Қол қойылған әріптестік туралы меморандум бүгінде нақты нәтижелер көрсетуде.

Компания Қарағанды аяқ киім фабрикасының өнімдеріне жоғары қызығушылық танытты. 

Қазіргі уақытта аяқ киім жеткізуді бастау жөнінде келіссөздер жүріп жатыр.

Фабрика әр тапсырыс берушінің талаптарына қарай өнімдерді бейімдейді. Арнайы аяқ киімнің басты ерекшелігі – аяқтарды соққы, шаншу, қызған металл және өндірістегі өзге де қауіпті факторлардан қорғайтын қосымша күшейтілген элементтердің болуы.

– Табан екі қабатты, құйма тәсілмен жасалады. Әрбір тапсырыс беруші бойынша нақты талаптарды сақтаймыз. Мәселен, дәнекерлеушілер мен электриктер үшін аяқ киім мүлде металсыз жасалады, бау ілгектерінің орнына арнайы былғары ілмектер қолданылады. Дәнекерлеушілерге арналған модельдерде ұшқыннан қорғайтын қосымша клапан бар. Геологтар мен мұнайшыларға арналған үлгілер бір-біріне өте жақын. Былғары толықтай табиғи, қалыңдығы 2 миллиметрге дейін. Ол су өткізбейтін арнайы қоспамен өңделген, – деді цех шебері Ольга Медведева.

Кәсіпорын заманауи жабдықпен қамтамасыз етілген. Өндірісті жаңғырту мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асуда: фабрика «Даму» қорының құралдарын белсенді пайдаланады.

Фабриканың басты артықшылықтарының бірі – немістің Desma маркалы құю машинасы. Осы құрылғыда екі қабатты полимер табан қалыпталады. Роботтандырылған жүйе жоғары дәлдікпен жұмыс істеп, табанды аяқ киімнің жоғарғы бөлігімен молекулалық деңгейде біріктіреді. 

Мұндай технология табанның ажырау ықтималдығын толық дерлік жояды. Биыл құрылғыға жаңа матрицалар сатып алынып, модельдік қатар айтарлықтай кеңейді.

Бұдан бөлек, дайындамаларды тігуге арналған жартылай автоматтар алынды. Мұндай жабдық уақытты үнемдеп, еңбек өнімділігін және дайын өнім сапасын арттырады. Бағдарлама аяқ киімнің өлшемін өзі реттейді, жылдамдықты белгілейді. Бір мезетте бірнеше операция жасалып, төрт қатар тігіс дайындалады.

Қазір фабрикада шамамен 80 қызметкер еңбек етеді. Желтоқсан айында кәсіпорын жеті мыңға жуық жұп аяқ киім өндірді.

Қарағанды аяқ киім фабрикасы ішкі нарықтағы позициясын нығайтып, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен әріптестікті кеңейтіп келеді. 

Осы арқылы кәсіпорын өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға өз үлесін қосуда.

Суретті түсірген: Жангелді Әбдіғалым