
Қазақстанның садақ ату федерациясы жылды қорытындылады. «Жыл үздігі» марапаттау рәсімінде елдің ең мықты спортшылары мен жаттықтырушылары анықталды. Балқаштың танымал мергені, жаттықтырушысы және ҚР ұлттық санаттағы төрешісі Жұмағазы Мұхаметжанов «Садақ атуды дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Өмірінің үлкен бөлігін ол осы спорттың өркендеуіне арнап келеді. Жұмағазы Мұхаметжановтың сөзінше, спорттық садақпен алғаш рет әскер қатарында жүріп танысқан — Беларусьтен келген достары оған бұл спортты алғаш рет ұсынып, қыр-сырын айтып берген.

– Кейін Астанада жүргенімде менің алғашқы ұстазым Мұрат Бұзауов болды. Бұған дейін самбодан жаттықтырушы болғаным да садақ атуды меңгеруге көп көмектесті. Физикалық және психологиялық дайындық толық болды, сол себепті жаттығуды бастағаннан кейін шамамен бір жылдан бір жарым жыл ішінде спорт шебері атағын қорғап шықтым, – деп әңгімеледі Жұмағазы Мұхаметжанов.
Уақыт өте келе жеке жаттығулармен шектелу оған жеткіліксіз болып көрінді. Ол туған қаласы Балқашта садақ ату спортын дамытуға шешім қабылдады. Күмәнданушылар аз болмады: көпшілік бұл күрделі әрі технологиялық спорт түрі қалада сұраныс тудырмайды деп есептеді. Бірақ ол алған бағытынан таймады.

— 2007 жыл еді. Алғашқы секцияны өзім аштым. Қаржылай қиындық болды: жұбайым — үй шаруасында, өзім — самбо жаттықтырушысы. Несие алып, екі садақ сатып алуға тура келді. Осылайша балалар мен ересектерді оқытуды бастадым, — деп еске алады ол.
Сонда да қызығушылық артып, жаттығуға келушілер саны көбейе түсті. 2010 жылы оның алғашқы тәрбиеленушілері оқушылар спартакиадасының қола жүлдегері атанса, 2012 жылы алтын медаль жеңіп алды.
Келесі жылдары Балқаш мектебінің спортшылары Қазақстан чемпионаттарында және халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдегер болды. Жұмағазы Мұхаметжановтың бастамасымен Балқашта Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан командалары қатысқан екі халықаралық турнир өтті. Жарыстар дәстүрлі және спорттық садақ атудан ұйымдастырылды.
Өткен жылы Астанада өткен Бесінші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында Мұхаметжанов дәстүрлі садақ ату бойынша бас төреші қызметін атқарды.
Бүгінде ол болашақ чемпиондарды тәрбиелеуді жалғастырып, Қазақстанда садақ атуды одан әрі кеңінен насихаттауды мақсат етеді.