
Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде ерекше әрі өте жылы атмосферада футбол матчы өтті. Алаңға елордадан келген «Astana UNI» командасының жас ойыншылары мен қарағандылық «НОДА» командасының балалары шықты. Инклюзивті жолдастық кездесу даму ерекшеліктері әртүрлі балаларды біріктіріп, өңірде бейімделген футболды дамытудағы маңызды оқиға болды.
Бұл ойын 2019 жылдан бері ерекше қажеттіліктері бар балалардың басқа балалармен тең дәрежеде футболмен шұғылдануына мүмкіндік беретін жобаның бір бөлігі саналады. Осы уақыт ішінде шағын жаттығу топтары кеңейіп, тұрақты секциялар желісіне айналды. Бүгінде онда балалар жүйелі жаттығады, жарыстарға қатысады және спорттық тұрғыдан өсіп келеді.
Бағдарлама Қарағанды облысының білім, дене шынықтыру және спорт басқармаларының, облыстық футбол ассоциациясының (QOFA) және «Шахтёр» футбол клубының қатысуымен жүзеге асады.
Дайындық сапасына ерекше көңіл бөлінеді: жаттықтырушылар UEFA-ның арнайы курстарынан өтіп, жаттығу процесін әр баланың жеке ерекшеліктеріне бейімдей алады және қауіпсіз әрі тиімді орта қалыптастырады.
Матч үшін Қарағандыға елордадан «Astana UNI» командасы, жаттықтырушылар, сүйемелдеушілер және UNI Football League лигасының жетекшісі, Қазақстан футбол федерациясының өкілі Шыңғыс Темірханов бастаған делегация келді.
– Біз үшін бұл жолдастық кездесу – ең алдымен балалардың алаңда өздерін сенімді әрі жайлы сезінуіне мүмкіндік беру. Ерекше балалармен жұмыс істеу уақытты, сенімді және барынша қолдауды талап етеді. Жаттықтырушы, бала және ата-ана бір команда болып әрекет еткенде, шынайы өзгерістер болады, – деді «Astana UNI» командасының жаттықтырушысы Пётр Марченко.
Кездесу өте жылы әрі достық атмосферада өтті.
Балалар бір-бірін қолдап отырды, эмоцияларын жасырмады.
Көпшілігі үшін бұл кең алаңда алғаш рет ойнау тәжірибесі болды және алға жасалған маңызды қадам ретінде қабылданды.
Екі команда да жігер, табандылық және алаңдағы өзара әрекеттесу қабілетін көрсете білді. Футболдың баршаға қолжетімді спорт екенін дәлелдеді. Матч қорытындысы бойынша 7:4 есебімен қарағандылық «НОДА» жеңіске жетті.
Ойыннан кейін балаларға Қазақстан футбол федерациясы мен «Болашақ» қорының атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Жаттықтырушылардың, ата-аналардың және спорт ұйымдарының қолдауы осындай кездесулерді шын мәнінде маңызды етіп, жас спортшыларға өз күшіне сенуге көмектеседі.