
Қарағандыда құрылған MEDIXGO стартапы үй жағдайында процедураларды орындау үшін білікті медицина қызметкерлерін іздеу мәселесін шешеді. Қазіргі таңда сервис Астанада сәтті жұмыс істеп тұр, ал жақында қарағандылықтар үшін де қолжетімді болмақ.

MEDIXGO — бұл үйге медициналық процедураларды (инъекциялар, система және т. б.) жасау үшін медбикені немесе фельдшерді шақыруға мүмкіндік беретін сервис. Жобаның идеясы биылғы жылдың қаңтарында Қарағандыда пайда болды. Қазір негізін қалаушылар гипотезалар мен бизнес-модельді тестілеу үшін Астанада пилоттық жобаны іске қосты. Қызметті Қарағандыға тарату келесі жылдың басына жоспарланған.
Жобаның мәні — такси шақыру, тамақ жеткізу, кредит рәсімдеу сияқты басқа салаларда цифрландырудың жоғары деңгейіне қарамастан, үйге білікті медицина қызметкерін шақыру әлі де күрделі мәселе болып қала береді.

— Үйге медбикені шақыру мәселесіне келгенде бәрі күрделене түседі. Қалаған уақытта келе алатын білікті маманды табу үшін адамға ұзақ іздеуге, уақыт жоғалтуға және артық шығындалуға тура келеді, - деді MEDIXGO.KZ негізін қалаушы Олжас Жанбатыров. - Біздің жобамыз дәл осы мәселені шешуге бағытталған, процесті такси шақыру сияқты қарапайым етуге тырысамыз.
MEDIXGO сервисінің негізгі артықшылығы — ашықтық пен қауіпсіздік. Платформада жұмыс істегісі келетін медицина қызметкерлері қатаң көпсатылы тексеруден өтеді:
- кандидаттар медициналық дипломының көшірмесін, медбике/фельдшер сертификатын, санитарлық кітапшасын және негізгі жұмыс орнынан анықтама ұсынады;
- барлық дипломдар бірыңғай дерекқорлар арқылы тексеріледі, ал қазіргі жұмыс орны туралы ақпарат жұмыс берушіден нақтыланады.
Тек толық тексеруден кейін ғана администратор өтінімді мақұлдап, маманға тапсырыстар қабылдауға рұқсат береді.
Сервистің қолданушылары, соның ішінде медицина қызметкерлері де, оның қолайлылығын атап өтуде.
— Төлем ашық, қосымша өте ыңғайлы. Бұл — өз мамандығың бойынша қосымша табыс табудың тамаша мүмкіндігі, — деп бөлісті MEDIXGO-мен жұмыс істейтін фельдшерлердің бірі.
Қосымша процедуралардың тек дәрігердің тағайындауы бойынша ғана жүргізілетініне де кепілдік береді. Өтінім түскен кезде администратор пациентпен байланысып, қажетті материалдардың (дәрілер, шприцтер) бар-жоғын, ең бастысы — дәрігерлік тағайындаудың болуын нақтылайды. Тағайындаусыз процедура жүргізілмейді.
Қазіргі уақытта сервисті 160-тан астам адам пайдаланады, олардың көпшілігі сапасы мен қолайлылығының арқасында тұрақты клиентке айналған. Платформа ай сайын 30–40 шақырту қабылдайды.

— Әріптестеріме қателесуден қорықпауды тілеймін, себебі әр қадам — тәжірибе. Ал қарағандылықтарға — денсаулық тілеймін. Жаңа жылдық мерекелерден кейін біз жобаны Қарағандыда жалғастырамыз, — деді Олжас Жанбатыров.