Қарағанды кәсіпорындары елдің маңызды сыйлықтарына ие болды

Қарағанды кәсіпорындары елдің маңызды сыйлықтарына ие болды

Бүгін Астанада жылдың басты бизнес-оқиғасы – «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының, сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қарағанды кәсіпорындары бірнеше номинация бойынша жүлделі орындарға ие болды.

Өңірде «Қазақстанның үздік тауарлары» конкурс-көрмесінің өңірлік кезеңіне қатысу белсенділігі тұрақты өсіп келеді. Биыл 70 финалисттің ішінен комиссия үш номинация бойынша тоғыз жеңімпазды анықтап, олар еліміздегі үздіктер атану үшін бақ сынады.

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын WEC Tradе компаниясы «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясының иегері атанды.

– Бұл марапат қазақстандық экологиялық өнімнің нарықта табысты бәсекеге қабілетті екенін растайды. Біз бірнеше жыл бойы биоыдырайтын тұрмыстық химияны дамытып келеміз және сапаға ерекше мән береміз. Жеңіс бізді өнім ассортиментін кеңейтуге және Қарағандыда өндірілген тауарларға сенімділікті арттыруға ынталандырады, – деді «WEC Trade» ЖШС директоры Вячеслав Цой.

Арнайы «Іскер» сыйлығын автобустар мен арнайы техника шығаратын QazTehna зауыты алды.

Бұл марапат компанияларға тауар сапасын үнемі жақсарту мен жетілдіруге деген талпынысын бағалайды. Машина жасау кәсіпорнының отандық өндірісті дамытудағы үлесі ерекше атап өтілді.

Maker ЖШС Қарағанды балқыту-машина жасау зауыты ТМД халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.

80 жылдан астам тарихы бар кәсіпорын тау-кен және мұнай-газ саласы, энергетикаға арналған жабдық шығарып, саланың алдыңғы қатардағы кәсіпорны мәртебесін сақтап келеді. Компания басшысы Жанибек Байғабелов пен металл конструкцияларды жинаушы шебер Александр Исупов кәсіби «Кәсіби маман» сыйлығымен марапатталды.

Сонымен қатар, облыстың тағы екі компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» республикалық байқауының жеңімпаздары қатарынан көрінді.

Ірі кәсіпкерлік субъектілері арасындағы «Үздік ұжымдық шарт» номинациясында Qarmet АҚ марапатталса,

шағын және орта бизнес өкілдері арасындағы «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында Rapid компаниясы мойындалды.