Қарағанды облысында «Газбаллон» республикалық акциясы аясында профилактикалық рейдтер жүргізілуде

Қарағанды облысында «Газбаллон» республикалық акциясы аясында профилактикалық рейдтер жүргізілуде

Қазақстанда төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған «Газбаллон» республикалық акциясы өтіп жатыр. Оның шеңберінде Қарағанды облысында мобильді топ жұмыс істеп, тұрғындармен профилактикалық рейдтер, кездесулер және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылар газ баллон жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптары мен ақаулардың, соның ішінде өрт пен жарылыстың алдын алу шаралары туралы жан-жақты ақпарат береді.

Өңірде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі туралы ТЖД, тұрғын үй инспекциясы және полиция өкілдерінің қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтылды.

– Қазіргі кезде газ баллондарын тұрғын үйлерде, мангал аймақтарында сақтау фактілері жиі анықталып отыр. Заңнамаға сәйкес, екі қабаттан жоғары ғимараттарда газ баллондарын қолдануға да, сақтауға да тыйым салынғанын еске саламыз. Бұл талапты бұзғандар үшін жетіден он айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Газ баллондарын заңсыз пайдалану жарылыс қаупін тудырады, ал газдың шығуы улануға немесе жабық кеңістікте өртке әкелуі мүмкін, – деді Қарағанды қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің әлеуметтік инфрақұрылым нысандарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қадағалау секторының меңгерушісі Дулат Тишмағамбетов.

Газдың шығуын білдіретін негізгі белгілер — өткір газ иісінің болуы, құбырлардан шығатын ысқырық дыбыс және жалын түсінің өзгеруі. Мұндай жағдай анықталған кезде газды дереу жабу, үй-жайды желдету және авариялық қызметке 104 немесе 112 нөмірлері арқылы хабарласу қажет.

Брифинг барысында ұзақ мерзім пайдаланылған ескі баллондарды жаңа, қауіпсіз үлгідегі баллондарға ауыстыру мүмкіндігі де қарастырылып жатқаны атап өтілді. Осы мақсатта автогаз құю және газ толтыру станцияларында баллон алмасу пункттерін ұйымдастыру ұсынылуда. Жаңа баллондарда олардың айналымын бақылауға мүмкіндік беретін арнайы таңбалау болады.

Қазіргі уақытта өңір табиғи газға кезең-кезеңімен көшіп жатыр. Жеке сектордың газ жүйесіне қосылуына қарай газ баллондарына деген қажеттілік біртіндеп азаяды.

Тұтынушыларға қауіпсіздік талаптары еске салынады:

- газ баллондарын тек желдетілетін, құрғақ және таза бөлмеде сақтау қажет;

- баллонды орналастырғанда ол ашық от көздері мен электр жабдықтарынан кемінде бір метр қашықтықта болуы тиіс;

- тұрғын үйлерде сыйымдылығы 50 литрден асатын газ баллондарын орнатуға қатаң тыйым салынады.