
Астана – Қарағанды – Алматы республикалық маңызы бар автомобиль жолының Қарағанды – Балқаш учаскесіне 14 жарық лазерлік қондырғы орнатылды. Бұл құрылғылар түнгі уақытта жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған: олар жүргізушінің ұйықтап кету қаупін төмендетеді, назар аударуға ықпал етеді және жолда бағдарды жақсырақ анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ лазерлік көрсеткіштер ықтимал жол-көлік оқиғаларының зардаптарын азайтуға көмектеседі.

Жүйе жарықтың айқын сызықтарын автокөліктің тура алдына проекциялау арқылы жұмыс істейді. Жүргізуші бұл сызықтарды жедел байқап, жылдамдықты немесе қозғалыс бағытын түзету қажет екенін оңай аңғарады. Технология тұманды ауа райында, түнгі уақытта, ұзын түзу жол бөліктерінде және жол белгілері мен таңбалары нашар көрінетін учаскелерде ерекше тиімді.

Шетелдік жобалардың нәтижесі мұндай жүйелер орнатылған жолдарда жол-көлік оқиғаларының саны 40–50 пайызға дейін төмендейтінін көрсеткен.

Осыған дейін дәл осындай технология Астана – Теміртау трассасында, Ошағанды ауылы маңында апробациядан өткен. Бақылау нәтижелері жүйенің тиімділігін дәлелдеген соң, жобаны кеңейту туралы шешім қабылданды.

«ҚазАвтоЖол» компаниясының ақпараты бойынша