Қарағанды облысында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» байқауының жеңімпаздары анықталды

Қарағанды облысында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» байқауының жеңімпаздары анықталды

Мектеп оқушыларын ғылыми-зерттеу мен өнертапқыштыққа тарту, дарынды балаларды қолдау және олардың шығармашылық әлеуетін дамыту – республикалық «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялар байқауының облыстық кезеңінің негізгі мақсаты болды. Биылғы байқау қашықтан ұйымдастырылып, аудандық және қалалық кезеңдерде үздік шыққан 30 қатысушы жеті номинация бойынша өз жобаларын ұсынды.

Жюри облыстық кезеңнің жеңімпаздарын төмендегі бағыттар бойынша айқындады:

«Автомобиль модельдерін техникалық жобалау» – Осакаров ауданындағы №12 тірек мектебінің (АБ) оқушылары Давид Лейнганг пен Яна Райкова;

«Өндіріс саласындағы техникалық жобалау» – Саран қаласының №17 мектеп-гимназиясынан Данил Горбунов, Никита Карлин және Ақмарал Сембек;

«Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын жобалау» – Қарқаралы қаласындағы академик О. Жәутіков атындағы №1 мектептің оқушысы Заңғар Қанатбекұлы;

«Кеме модельдерін техникалық жобалау» – Қарағанды қаласындағы Жамбыл атындағы арнайы мектеп-лицей-интернатының оқушысы Алдияр Асаубай;

«Әуе техникасы модельдерін жасау» – Теміртаудағы «Балалар технопаркі» техникалық шығармашылық мектебінің оқушысы Ярослав Зубов;

«Құрылыс саласындағы модельдер» – Балқаштағы Ә. Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушысы Атанияз Қайыр;

«Ең үздік рационализаторлық ұсыныс» – Қарағандыдағы техникалық спорт түрлері мен техникалық шығармашылыққа маманданған облыстық арнайы мектептің оқушысы Дмитрий Мишин.

Жюри ерекше қызығушылықпен Қарқаралы қаласындағы академик Орынбек Жәутіков атындағы №1 мектептің 9-сынып оқушысы Заңғар Қанатбекұлының жұмысын атап өтті. Ол облыстық кезеңде гидравликалық экскаватордың жұмыс үлгісін таныстырды.

– Мен «Қарапайым экскаватордың жұмысы» атты жобамды қорғадым. Тұрмыстық жағдайда пайдалануға болатын шағын модель жасадым. Оның құрылымын, жұмыс принципін және қарапайым механизмдер негізінде қалай қозғалыс жасайтынын көрсетті. Негізгі мақсатым – мұндай техниканың құрылыс, ауыл шаруашылығы немесе ландшафттық жұмыстарда қаншалықты тиімді болатынын дәлелдеу. Біз тек қолжетімді материалдарды қолдандық: картон, қалың қағаз, ағаш таяқшалар, шприцтер, жіңішке түтіктер мен пластик қысқыштар. Модель толықтай гидравликалық жүйе принципімен жасалып, экскаватордың негізгі қозғалыстарын дәл қайталайды, – деді жеңімпаз.

– Жетекші ретінде мен Заңғарға бағыт-бағдар беріп отырдым. Жюри оның техникалық сауаттылығын, модельдің дәлдігін және жобаның өзектілігін жоғары бағалады. Біздің мектеп үшін бұл – оның табандылығы мен ынтасының жемісі. Техникаға деген қызығушылығы мен шығармашылық қабілеті оны әлі талай биікке жетелейді деп сенеміз, – деді жас өнертапқыштың жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі Күлия Кенжебаева.

Жеңімпаздарға – дипломдар, жетекшілеріне – алғыс хаттар табысталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.

Облыстық кезеңнің үздіктері өз жұмыстарын республикалық деңгейде таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Жақында өткен республикалық кезеңде қарағандылық оқушы Дмитрий Мишин «Ең үздік рационализаторлық ұсыныс» номинациясында 1-орынға ие болып, аймақ мерейін үстем етті.

Фото: Күлия Кенжебаева