
Қарағанды облысында бірден төрт әлем чемпионаты мен Ислам ынтымақтастығы ойындарында жүлде алған спортшыларды салтанатты түрде құттықтады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев аймақта бұқаралық және кәсіби спортты дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
— Еңбектеріңіз бен нәтижелеріңіз үшін алғыс айтамын! Жеке алғысымды бапкерлерге, медицина мамандары мен бүкіл командаға білдіргім келеді. Бірлесе отырып, Қарағанды облысын мықты спортшылар өңіріне айналдыра аламыз. Жаңа жеңістерге жол ашайық! — деді Серік Сәпиев.
Қарағанды облысының командасы Токио қаласында өткен киокушинкай-кан каратеден әлем чемпионатында жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жерлестеріміз алты бірдей медаль жеңіп алды.

Абсолют салмақ дәрежесінде Никита Гарас әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Ол каратемен ширек ғасырдай айналысып келеді. Спортшының қоржынында Азияның төрт, Жапонияның үш дүркін чемпионы атағы және ұлттық деңгейдегі көптеген жеңіс бар.
— Әлем чемпионатында қиындық болған жоқ, себебі жақсы дайындалдық. Сәуір айында өткен Жапония чемпионатында ықтимал қарсыластардың тәсілдерін зерттеп, дұрыс тактика құрдық. Әлем біріншілігінде барлық жекпе-жекті бірінші раундта жеңдім. Әсіресе финалдағы өнеріме ризамын — барынша шабытпен күрестім, — деді чемпион.

Каратеден тағы бір әлем чемпионаты Португалияда өтті. Қазақстан құрамасы сапында барған төрт қарағандылық та жүлдемен оралды: бір алтын, екі күміс және бір қола. Жекпе-жектер екі ұпайға дейін қысқа форматта өтті, бұл жарысты қиындатқанымен, спортшылар қайсарлық танытып, жеңіске ұмтылды.

10 жастағы Нұрдәулет Амангелді, бұрынғы әлем чемпионы, бұл жолы күміс медаль еншіледі. Ол үш жекпе-жек өткізіп, екеуінде жеңіске жетті, біреуінде қарсыласына жол берді.
— Маған жылдамдық пен аздап техника жетіспеді. Қарсыласым шапшаң болды. Жаттығуды күшейтемін. Келесі жылы Латвияда міндетті түрде алтын аламын, — дейді жас спортшы.

WKF бойынша Қарағанды облыстық каратэ федерациясының президенті Виктор Ешкин 56–65 жас аралығындағы ардагерлер арасында өзіне бесінші әлем чемпионы атағын алып келді.
— Жарысқа 18 елден спортшылар қатысты. Менің санатымда да сонша қатысушы болды, бірақ менің тіркелгенімді білген соң, кейбірі жарыстан бас тартты. Италия және Францияның мықты спортшыларымен үш жекпе-жек өткіздім, — деп бөлісті өз әсерімен Виктор Ешкин.

Каратэ мектебінің тағы бір тәрбиеленушісі Никита Тарнакин Ислам ынтымақтастығы ойындарының чемпионы атанды. Осы додада джиу-джитсу шеберлері де көзге түсті: Алматай Жігер — алтын, Ажар Салықова — күміс медаль жеңіп алды.

Қарағанды облысының спортшылары Таиландта өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында да жоғары нәтиже көрсетті: үш алтын, бір күміс және төрт қола медаль. Нәтижесінде құрамында қарағандылықтар бар Қазақстан ұлттық командасы 65 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.

Бішкекте өткен самбодан әлем чемпионатында да қарағандылық балуандар жоғары шеберлік көрсетті — бір алтын және үш қола медаль жеңіп алып, өңірдің мықты спорт мектебінің деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
