
Қарағандыда биыл ауызсу саласында 21 жоба жүзеге асырылып жатыр: 65 шақырымнан астам жаңа су желілері тартылып, ондаған көше орталық жүйеге қосылды. Осылайша Мемлекет басшысының қаланы таза ауызсумен толық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы кезең-кезеңімен орындалуда. Енді қала тозған кәріз жүйесін жаңартуға кірісті. Сондай-ақ жылу желілерін реконструкциялау да жалғасын таппақ.

Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды тұрғындарымен кездесуде айтты.
– Қаламыз жыл сайын өсіп, қарқынды дамып келеді. Тек биылдың өзінде коммерциялық негізде 33 тұрғын үй кешені, бюджет есебінен 5 көпқабатты үй салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бекітілген бас жоспардың параметрлерін ескере отырып, коммуналдық инфрақұрылымның жеткіліктілігіне ерекше көңіл бөлуіміз керек, – деді өңір басшысы. – Ең алдымен үш жылу желісін әрі қарай жаңғырту және екі негізгі кәріз коллекторын кезең-кезеңімен модернизациялау маңызды.

Қазір ЖЭО-3 кеңейту жобасы іске асырылуда. Оның аясында тоғызыншы энергия блогы және жетінші турбоагрегат салынады. Бұл болашақта 400-ден астам жаңа тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қуатты арттыру үшін жаңа жылу сорғы станциясын салу жоспарланған. Үлкен Михайловка мен Федоровкада кәріз желілерін тарту жобасы әзірленуде. Кирзауыт шағынауданында газ қазандығын салу бойынша да жобалық құжаттама дайындалып жатыр.

Қалада газдандыру жұмыстары жалғасып келеді. Бүгінде 400 шақырым газ желісі тартылып, 8,5 мың үйге көгілдір отын жеткізілді. Жақын арада «Күнгей», «Таугүл» шағынаудандарының және жекелеген жеке сектор көшелерінің тұрғындары да газға қосылады.
