
Қарағандыда Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдық арасындағы аумақ қарқынды дамып келеді. Осы игеру аймағының маңызды бөлігі – «Көгілдір тоғандар» жанындағы кеңістік. Алдағы уақытта бұл жерде жаңа серуендеу саябағы бой көтереді. Мұндай тапсырманы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала басшылығына жүктеді.

– Мен мұны бұған дейін де айттым, тағы да қайталап айтамын: бұл аумақ сауда орнына емес, табиғат аясында демалуға арналған кеңістік болуы тиіс. Жобаны абаттандырумен қатар, мұнда спорттық кластер, дзюдо орталығы, жүзу бассейні сияқты жаңа нысандардың орталық алаңына айналатын мүмкіндік бар, – деді өңір басшысы Қарағанды тұрғындарымен кездесуде.

Әкім сондай-ақ футбол академиясын салу жөніндегі ауқымды жобаның жүзеге асырылу барысын да түсіндірді.

– Құрылысы басталып кетті. Жоба халықаралық стандарттарға сай келетін орталық құруды көздейді. Бұл балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға және қаланың спорттық әлеуетін нығайтуға маңызды қадам болмақ. Бізге легионерлер емес, өзіміздің кәсіби футболшыларды тәрбиелеу қажет, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
