
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала тұрғындарымен төрт сағатқа созылған ашық кездесу өткізіп, қаланың әлеуметтік жай-күйі мен инфрақұрылымына қатысты ондаған сұраққа жауап берді. Кеш барысында тұрғындар қаладағы өзекті мәселелерді көтеріп, әкімдік өкілдерінен нақты түсініктемелер алды.

Әкімнің айтуынша, биыл ол өңірдің барлық қала-аудандарын аралап, 13 кездесу өткізген. Бұл кездесулерге 3,5 мыңнан астам адам қатысып, жүздеген ұсыныс пен сауал жолданған. Сонымен қатар Бөлекпаев бір жыл аралығында 200-ге жуық тұрғынды жеке қабылдап, жалпы 400-ден астам мәселе қаралған.

– Биыл барлық бағыт бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Қарағандыда жаңа жолдар салынып, сумен және жылумен қамту жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылуда. Қаланы барынша қолайлы ету – басым міндеттің бірі. Мәселен, қазір Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты жалғайтын жаңа жолдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Келер жылы бұл жобаны жалғастыру қажет – осындай тапсырма беріп отырмын, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Биыл облыс орталығында 80 шақырымнан астам жол жөнделіп, қала көшелерінің 85%-ы жақсы күйге келтірілген.

Тұрғындардың «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді араласуының арқасында бір жыл ішінде 104 жоба жүзеге асты. Оның ішінде жаңа спорт және балалар алаңдары, шағын демалыс аумақтары, абаттандыру бастамалары бар.

Әкім қала дамуының негізгі бағыттарын да нақтылады: инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту, газдандыру жұмыстарын жалғастыру, шағын және орта бизнесті қолдау.

Кездесу барысында шет аймақтарды дамыту мәселесі де жиі көтерілді. Тұрғындар «Шетсіз қала» тұжырымдамасы аясындағы өзгерістерге ризашылығын білдіріп, жеке сектордағы жарықтандыру мен жолдардың сапасын жақсартуды сұрады. Қала әкімі Мейрам Қожуховтың айтуынша, жол жөндеу жұмыстары тек инженерлік желілер толық жаңартылғаннан кейін жүргізіледі.

Сонымен қатар, медициналық қызметтің қолжетімділігі, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау мәселелері қозғалды. Тұрғындар көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған бейімделген үстел теннисі залын ашу ұсынысын айтты. Аймақ басшысы бұл мәселе жан-жақты қаралатынын мәлімдеді.

Кездесуге облыстық басқармалар басшылары қатысып, көтерілген сауалдардың бір бөлігіне сол жерде түсініктеме берілді.

Терең талдауды қажет ететін мәселелер бақылауға алынды.
Диалог соңында Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке қабылдап, олардың жеке өтініштері мен мәселелерін тыңдады.
