
Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде өткен «Мансап Start» бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Қарағанды облысының шамамен 70 жетекші кәсіпорны қатысты. Өңірде инженерлік мамандықтарға сұраныс жоғары болып қалып отыр, ал компаниялар жас мамандарды жұмысқа қабылдауға дайын.

– ҚарТУ Орталық Қазақстандағы техникалық білімнің жетекші орталығы болып қала береді, еңбек нарығында сұранысқа ие кадрлар даярлайды және оқу бағдарламаларын жұмыс берушілердің талаптарына сай үнемі жаңартып отырады. «Мансап Start» жыл сайынғы жәрмеңкесі – жоғары курс студенттері мен түлектер үшін жұмыс табудың тиімді мүмкіндігі, – деді әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Абай Қалықов.
Жәрмеңкеге Кәсіпкерлер палатасы, Еңбек мобильділігі орталығы, Qarmet, «Қазақстан темір жолы», «Шұбаркөл көмір», QazTehna, «ҚазАвтоЖол», №3 Автобус паркі, KAZPROM AVTOMATIKA, «Карагандагипрошахт и К», «Евразиан Фудс», «Восточная» ОФ сияқты өңірдің жетекші кәсіпорындары қатысты.

Ұсынылған жұмыс орындарымен шамамен 1500 студент, бакалавриат, магистратура және докторантура түлектері танысты. Олардың қатарында тау-кен ісі, архитектура және құрылыс, металлургия, машина жасау, инновациялық технологиялар, энергетика, автоматтандыру және көлік факультеттерінің студенттері бар.
Университетте мұндай жәрмеңкелер тұрақты түрде өткізіледі. Студенттер сұранысы жоғары бос орындар туралы ақпарат алып, жұмыс шарттарын талқылап, алғашқы еңбек ұсыныстарын қабылдау мүмкіндігіне ие болды.