
Қарағанды облысында «Заң және Тәртіп» бағдарламасына кіретін «Құқықтық тәртіп әліппесі» республикалық акциясы өтіп жатыр. Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және прокуратураға деген сенімді нығайту. Өңір халқына прокурорлардың жұмыс күні жан-жақты көрсетілді.

Жобаның негізгі тұжырымдамасы – ашықтық. Мәслихат депутаттары, журналистер, блогерлер, қоғам өкілдері, белсенді жастар және Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ студенттері облыстың қала және аудан прокуратураларында бір күн бойы қызметкерлермен бірге болды. Олар прокурорлардың азаматтарды қабылдауын, сот отырыстарына қатысуын, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бойынша атқаратын жұмыстарын, сондай-ақ полициямен және өзге де уәкілетті органдармен өзара іс-қимылын көрді.

Облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов акцияның басты міндеті – прокуратураның шынайы қызметін көрсету және қоғамдағы қалыптасқан теріс түсініктерді жою екенін атап өтті.
– Нақты жұмыс барысын көрсете білу – стереотиптерді еңсеруге, прокуратураның адам құқықтарын қорғаудағы рөлін дұрыс түсінуге және оған деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бүгінгі күнде айрықша маңызды, – деді Еділ Жұбанов.

Негізгі бағдарлама аяқталған соң қатысушыларға облыстық прокуратура мұражайы таныстырылды. Бұдан кейін олар түрлі бағыттар бойынша бөлініп, процессуалдық қадағалау қызметінен бастап азаматтарды қабылдау тәртібіне дейінгі практикалық жұмыстарды бақылауға мүмкіндік алды. Қонақтарға қылмыстық және әкімшілік істерді жүргізу тетіктері, Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізілімін қалыптастыру тәртібі, кезекші прокурорлардың міндеттері және қылмыстық-атқару жүйесінің қызметі егжей-тегжейлі түсіндірілді.
«Қазақмыс» корпорациясының «Кемел Келешек» жастар ұйымы жетекшісінің орынбасары Аймира Баграмова акция құқық қорғау органдарының жұмысын ішінен көруге мүмкіндік бергенін айтты.
– Мұндай іс-шараларға жастардың шақырылуы өте қуантады. Бұл сенімді арттырып қана қоймай, әрқайсымыздың қауіпсіздігіміз үшін атқарылатын орасан зор еңбекті айқын көрсетеді, – деді Аймира Баграмова.
Акция соңында қатысушылар іс-шараның нәтижелерін талқылап, қоғам мен прокуратура арасындағы ашық диалогты дамыту және өзара ынтымақтастықты кеңейту жөнінде ұсыныстар білдірді.