Қарағанды облысында Балқаш көлінің түбіндегі тұнбаларды тазарту жұмыстары басталды

Қарағанды облысында Балқаш көлінің түбіндегі тұнбаларды тазарту жұмыстары басталды

Балқаш қаласында Бертыс шығанағын, қалалық жағажай маңын су түбіндегі тұнбалардан тазарту жұмыстары басталды. Жүзеге асырылып жатқан ауқымды жоба үш жылға жоспарланған.

Жоба аясында көлдің жағалау бойын тазарту және акватория тереңдігін үш метрге дейін ұлғайту көзделген. Тұнба арнайы  балшық сорғыш кеме арқылы сорылып, жағада орналастыру үшін төрт пульпажинақтағыш салынбақ.

Шығарылатын пульпа көлемі 700 мың текше метрден асады. Жұмыстар ені 200 метр болатын аумақты — айлақтан Қарамұрын төбесіне (Ескі алаң) дейінгі бөлікті қамтиды.

Акваторияны тазартумен қатар, судың еркін айналымына кедергі келтіріп, аумақтың батпақтануына себеп болып отырған төрт пирсті бұзу жоспарланған. Бұл жұмыстар қазірден бастап жүргізіліп жатыр: нысанда кері күректі экскаваторлар мен самосвалдар жұмыс жасауда.

Мамандардың айтуынша, жобаның жүзеге асуы көлдің экологиялық жағдайын едәуір жақсартып, Балқаштың табиғи байлығын сақтауға мүмкіндік береді.