Қарағандыда домофондар полицияға қылмыскерлерді анықтауға жәрдемдеседі

Қарағандыда домофондар полицияға қылмыскерлерді анықтауға жәрдемдеседі

Қарағандыда пилоттық режимде бірқатар тұрғын үйлерге іздеуде жүрген адамдарды танып анықтай алатын «ақылды» домофондар орнатылды. 

Бұл туралы «Әкімдік қайда қарап отыр?» подкастында облыстың ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий мәлім етті.

Оның айтуынша, жүйе кіреберіс маңындағы күмән тудыратын тұлғаларды тіркеп, ақпаратты автоматты түрде тиісті қызметтерге жолдайды.

— Біз домофондарды деректер базасына қосамыз. Егер іздеуде жүрген адам домофон камерасының алдынан өтсе, жүйе оны бірден танып, полицияға сигнал жібереді, — деді Константин Ильницкий.

Бұл — өңірде цифрландыру бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалардың бірі ғана. Бүгінде облыс аумағында шамамен төрт мың бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.

«Ақылды» домофондардан бөлек, Қарағандыда басқа да цифрлық шешімдер енгізілуде. Мәселен, Яндекс қосымшасы арқылы қызыл немесе жасыл шамның қанша уақыт жанатынын көрсететін «ақылды» бағдаршамдар қолданыста. 

Жүргізушілер қосымша арқылы бос тұрақ орындарының бар-жоғын да біле алады — жүйе қалалық камералар мен жасанды интеллект технологиялары арқылы тұрақтардың жүктемесін талдап, ақпаратты навигациялық сервистерге береді. 

Жобаны жергілікті IT-мамандар әзірлеген.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау үшін krgprice.kz  сайты мен мобильді қосымша іске қосылды. Олар тұрғындарға азық-түлік құнын бақылап, тиімді ұсынысы бар дүкендерді таңдау мүмкіндігін береді.

Цифрландыру жол қауіпсіздігі саласында да жүзеге асуда. Қалада жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі бұзушылықтарды тіркейтін арнайы кешендер орнатылған. Егер жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермесе, жүйе айыппұлды автоматты түрде рәсімдейді. Қазіргі таңда Қарағандыда осындай 12 кешен, Теміртауда — 10 кешен жұмыс істеп тұр. Келесі жылы Балқаш пен Шахтинскіде тағы 10 жүйе орнату жоспарланған.

— Цифрландыру қаланы неғұрлым ыңғайлы әрі қауіпсіз етеді. Технологиялар тұрғындар мен қалалық қызметтердің жұмысын жеңілдетеді, — деп қорытындылады Константин Ильницкий.