
Ақтоғай ауданының Сарышаған кентіндегі шығармашылық ұжымдар кезекті мәрте өздерінің жоғары орындаушылық деңгейін дәлелдеді. Талантты хореограф әрі тәжірибелі басшы Айжан Мұратова жетекшілік ететін Сарышаған мәдениет үйінің тәрбиеленушілері Түркістанда өткен республикалық өнер додасында «Хореография» номинациясы бойынша бас жүлде – Гран-приді жеңіп қайтты.
«Тұмар» және «Балауса» ансамбльдері жеті жылға жуық уақыт аралығында кәсіби ортада да, көрермендер арасында да зор беделге ие болды. Олардың табысты жолы айрықша әсер қалдырады: 2019 жылы Алматыда Гран-при, 2020 және 2022 жылдары Балқаш пен Алматыда І орын, былтыр Балқашта І орын, биыл Алматыда Гран-при, Шымкентте ІІ орын және ең соңғысы — Түркістанда Гран-при.

Бұл жеңіс ерекше маңызды, себебі дайындық жұмыстары екі айға жуық уақытқа созылған. Түркістан сахнасына шыққан 38 жас бишінің әрқайсысы жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлікті паш етті. Қазылар алқасы ансамбльдердің мінсіз техникасын, сахналық мәдениетін және көркем бейнелерін ерекше атап өтті.
– Бұл жеңіс біздің ұжым үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, алдағы байқаулар мен фестивальдерге қатысуға тың серпін береді. Мен мұны балаларымыздың еңбегі мен табандылығының жемісі деп бағалаймын. Қолдау көрсеткен барша жанға зор алғысымды білдіремін, – дейді би ансамбльдерінің жетекшісі Айжан Мұратова.
Фото: Айжан Мұратова