
Қарағандыда аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) мен психо-сөйлеу дамуының тежелуі (ПСДТ) бар балалардың ата-аналарына арналған тегін оқыту бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында ата-аналарға ерекше балалармен тиімді қарым-қатынас жасау мен психологиялық коррекцияның заманауи тәсілдері үйретіледі.

Жоба Balapan коррекциялық орталығының жетекшісі Маржан Тұрлыбекованың бастамасымен қолға алынған. Орталық үш жыл бойы НЖГС (СДВГ), АСБ және даму тежелісінің басқа да түрлері бар балаларға көмек көрсетіп келеді. Мемлекеттік гранттардың арқасында орталық мамандары жүздеген отбасына қолдау білдірді.

Жуырда орталық тағы бір грантқа қол жеткізіп, ата-аналарға арналған толыққанды оқыту курсын іске қосуға мүмкіндік алды.

— Гранттар конкурсы жарияланғанын ести сала қатысуға шешім қабылдадық. Техникалық сипаттамадан бастап материалдық-техникалық базаға дейін барлық талаптарға сай келдік. Бұған дейін мұндай курстар өткізбесек те, ата-аналармен әрдайым жеке форматта жұмыс істеп жүрдік. Оларға жүйелі қолдау қажет екенін байқадық: көпшілігі ерекше баласын оқыту мен тәрбиелеуде елеулі қиындықтарға тап болады, — дейді Маржан Тұрлыбекова.

Курс құрамына бірнеше негізгі блок кіреді:
- мінез-құлықты қолданбалы талдау (ABA);
- жекелеген когнитивтік бұзылыстарды талдау әдістері;
- сенсорлық интеграция;
- арт-оқыту элементтері.

Бұл әдістер қажетсіз мінез-құлықты түзетуге, пайдалы дағдыларды қалыптастыруға және баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында экран алдында өткізілетін уақыт азаяды.

Қазіргі таңда курсты 50 ата-ана меңгеріп жатыр. Сабақтар онлайн да, офлайн да өтеді.
— Ата-аналардың өтініштерін ескердік: көпшілігі сабаққа тұрақты келе алмайтындықтан онлайн форматты таңдады. Бұл — негізінен қала маңындағы елді мекендер мен серіктес қалалардан келген отбасылар. Ал офлайн оқитындар орталықтағы жабдықпен жұмыс істейді: АФК-блоктарда жаттығулар жасап, арт-кабинеттерге қатысады және алған білімін бірден тәжірибе жүзінде бекітеді. Материал көлемі ауқымды: жұмыс күндері сабақтар төрт сағатқа созылады, демалыс күндері сегіз сағаттық интенсивтер өтеді, — дейді орталық жетекшісі.

Курс аяқталуға жақын, сондықтан жаңа топқа қабылдау тоқтатылды. Дегенмен, орталықта мүмкіндік болса, жобаны жалғастыру жоспарланып отыр.

— Бұл оқытудың сұранысқа өте жоғары екеніне көз жеткіздік. Ата-аналар қызығушылық танытып, көптеп оң пікір қалдыруда. Мұндай жобаны кеңейтіп, тек біздің орталықта ғана емес, басқа да ұйымдар базасында өткізуге болады, — дейді Маржан Тұрлыбекова.
