
Алматыда тоғызқұмалақтан екі ірі халықаралық дода өтіп, екеуінде де қарағандылық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Соның ішінде жас спортшы Балғын Қожанәсіп Азия чемпионы атанып, ел намысын абыроймен қорғады.

Әлемнің 21 елінен келген 180 жас спортшы қатысқан оқушылар арасындағы ІІ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады: отандастарымыз 30 медаль жеңіп алды, оның ішінде 12 алтын, 11 күміс және 7 қола бар. Қарағандылық спортшылар да өз үлестерін қосты: Мирас Аманжол (U-17) классика бойынша екінші орын иеленсе, Нұрай Мұздыбаева (U-15) блиц сайысында қола медаль алды.

Әлем чемпионатынан кейін Алматыда юниорлар арасындағы VII Азия чемпионаты өтті. Осы жарыста Қарағанды облысының жас өкілі Балғын Қожанәсіп 14 жасқа дейінгі классика санатында бақ сынап, алтын медаль жеңіп алды. Балғын — ұлттық ойынды дамытуға зор үлес қосып жүрген спортшылар әулетінің өкілі.

Жас чемпионды оның әпкесі, әлемдік деңгейдегі көптеген жүлденің иегері Аңсаған Қожанәсіп жаттықтырады. Ал бауыры Асылхан — тоғызқұмалақтан әлем чемпионы.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша