
Қарағанды облысында ауылдық елді мекендердегі жасөспірімдер мен жастарды қолдауға бағытталған «Ұлт Қазынасы» жобасының қорытындылары шығарылды. Үш ай бойы қатысушылар өз салаларында елеулі жетістіктерге жеткен кәсіби менторлардан теориялық білім мен тәжірибе алды.

Жобаның бастамашысы — жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма. Жоба биылғы қыркүйекте іске қосылды. Үш ай ішінде онлайн-дауыс беру арқылы таңдалған 13 ментор 40-тан астам қатысушыға білім берді. Тәлімгерлер медицина, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік және қоғамдық қызмет секілді түрлі салаларды қамтыды.

Менторлар 35 ауылдық елді мекенді аралап, оқушыларды таңдап, олар үшін тренингтер, экскурсиялар, кәсіби бағдар беру сабақтарын өткізді.

Жалпы жоба 2000-нан астам ауыл жасөспірімін қамтыды.
— Басты мақсат — ауыл жастарына өз туған жерлерінде де даму мүмкіндігінің бар екенін көрсету. Ауылдық округтерде ақпарат аз, ал біздің міндет — олардың алдында қандай әлеует ашылып тұрғанын түсіндіру, — дейді жоба координаторы Әзиза Күлметтенова.

Жобаның ең жас қатысушысы — Бұқар жырау ауданындағы Ақбел ауылының тұрғыны 13 жастағы Ерасыл Айбек. Ол ата-анасына шаруашылықта көмектеседі және фермер болуды армандайды. Оның айтуынша, жоба оның болашағын өзгертуге мүмкіндік береді.

— Мен фермер болып, ауылда қалып, оны көтергім келеді. Бұл жоба біз үшін — жақсы мүмкіндік әрі үлкен жігер, — дейді Ерасыл.

Оның менторы — шаруа қожалығының басшысы Анар Бозаева.
— Мен жастарға дұрыс бағыт беру және тәжірибеммен бөлісу үшін қатысуды жөн көрдім. Ерасылдан тамаша фермер шығады деп ойлаймын. Көз жанары жанып тұрғанын көремін. Ол ауылын жақсы көреді, мақтанышпен айтады. Ауыл шаруашылығы бойынша теориялық білімімді қуана бөлістім, — дейді ментор. — Сондай-ақ тағы бір шәкіртім бар — Доскей ауылында тұратын жоғары сынып оқушысы. Ол мемлекеттік қызметке баруды қалайды. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Мен бұл саланы жақсы білемін, өйткені шаруа қожалығын басқарумен қатар, Amanat партиясының аудандық филиалын да басқарамын.

Тағы бір ментор — Долинка кенті әкімінің орынбасары Жасұлан Хамитов — өз шәкірттерін олардың зор ынтасы мен даму ниетін көріп таңдағанын айтады.
— Олардың көздерінен болашаққа деген шынайы қызығушылық пен өсуге деген құлшынысты көрдім. Бұл — адам өзіне жаңа көкжиектер ашып, өз күшіне сенетін сәт, — дейді Жасұлан Хамитов.

Оның оқушыларының бірі, 11-сынып оқушысы Руслан Құлмұхамедов, жобаға дейін мамандық таңдай алмағанын айтады. Менторымен танысқаннан кейін мемлекеттік қызмет саласын таңдауға бел буыпты.
— Бұл жоба ауыл жастарының ой-санасын өзгертеді, өз жолын табуға көмектеседі. Мемлекеттік қызметтің жұмысын ішінен көріп, бұл саланың маған жақын екенін түсіндім. Адамдарға көмектескім келеді, маңызды мәселелерді шешуге атсалысып, қоғам дамуына, елдің өркендеуіне үлес қоссам деймін, — дейді Руслан.

Жобаның соңғы кезеңі — менторлар мен шәкірттер өз жұмыстарының нәтижесін таныстырған қорытынды фестиваль болды.

Тәлімгерлерге «Ұлт мақтанышы»,

ал шәкірттерге «Ұлт үміті» марапаттары табысталды.

Жобаға қатысушылардың әрқайсысы болашақта дамитын бағытын анықтап алды.

Менторлар да өз шәкірттерін қолдауды жалғастырмақ.
