
Қарағандыда құрылған YAEM QR стартапы мейрамханалардағы дәстүрлі қағаз мәзірлерді заманауи интерактивті онлайн-форматқа ауыстырып, қоғамдық тамақтану саласын жаңа деңгейге шығарып келеді. QR-кодтар мен жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жоба тапсырыс беру процесін едәуір жеңілдетеді: кәсіпкерлер үшін — баспа шығындарын азайтады, ал келушілер үшін — даяшыны күту уақытын қысқартады.
Бүгінде YAEM QR онлайн-мәзірі Қазақстанның 163 қоғамдық тамақтану нүктесінде қолданыста. «Террикон алқабы» IT-хабындағы екі акселерациялық бағдарламаны сәтті аяқтағаннан кейін жобаға елдегі ірі төлем жүйелерінің бірі — Wooppay серіктес әрі қосалқы негізін қалаушы ретінде қосылды.

YAEM QR негізін қалаушысы Егор Лошкарёв стартап идеясының жеке тәжірибеден туғанын айтады.
— Мен жиі сапарға шығамын. Негізгі тіл басқа болғандықтан шет елдерде мәзірді әр жолы аударуды сұрау қолайсыз. Ал бірден түсінетін қазақша нұсқаның болуы — үлкен артықшылық. Біздің QR-мәзір бір скан арқылы қажетті тілді автоматты түрде көрсетеді, — дейді Егор Лошкарёв.
YAEM QR жүйесінің басты үш артықшылығы:
- клиентке барынша қолайлы сервис. Мәзір қолданушының ана тілінде ашылады, тапсырыс бірден рәсімделіп, онлайн төленеді — әрі тікелей асүйге жөнелтіледі.
- геймификация мүмкіндіктері. Мобильді қосымшада мини-ойындар, бонустар және лоялдылық бағдарламалары арқылы келушілердің қызығушылығын арттыруға болады.
- жеделдік және өзектілік. Мейрамханалар тағам бағасын, құрамын бірден өзгертіп, бітіп қалған позицияларды сол сәтте мәзірден алып тастай алады.
YAEM QR экожүйесінде жасанды интеллект кеңінен қолданылады: ол клиенттермен коммуникацияны жақсартып қана қоймай, мейрамхананың ішкі жұмысын да оңтайландырады.
Тәулік бойы жұмыс істейтін сатылым чат-боты клиенттерге 24/7 жауап береді және жедел кеңес береді. ЖИ мәзірді қазақ, ағылшын және басқа тілдерге автоматты түрде әрі жылдам аударуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жасанды интеллект екінші деңгейлі тағамдардың шынайы фотосуреттерін өзі жасап, кәсіби фотографқа кететін шығынды азайтады.
Ал алдын ала тапсырыс беру жүйесі қарбалас уақыттарда даяшыларға түсетін жүктемені айтарлықтай жеңілдеткен.
— Мен даяшы болып жұмыс істеймін. Бізде жарты жыл бұрын QR-мәзір, әсіресе алдын ала тапсырыс беру жүйесі енгізілді. Жұмысымыз әлдеқайда жеңілдеді: қонақтар өздері тапсырыс беріп, тіпті онлайн төлей алады. Бұл бізді едәуір босатады, — дейді қаладағы мейрамханалардың бірінің қызметкері.

Жүйенің тағы бір маңызды қыры — экологиялық және экономикалық тиімділік. Қағаз мәзірден бас тарту арқылы мейрамханалар шығындарын қысқартып, табиғатты қорғауға үлес қосады.
Қазір жоба командасы ірі фуд-корттармен келіссөз жүргізіп жатыр. Мақсат — келушілер кезек күтпей, фуд-корттағы кез келген кафеден тағамды бірыңғай мобильді қосымша арқылы тапсырыс беріп, дайын болған кезде өздері алып кететін жүйе құру.
Компания таяу уақытта шетел нарығына шығуды жоспарлап отыр.
— Біз жобамызды Өзбекстан, Қырғызстан және Біріккен Араб Әмірліктеріне (Дубай) шығаруды көздеп отырмыз, — дейді Егор Лошкарёв, мейрамхана бизнесінің өкілдерін ынтымақтастыққа шақырып. Ол стартаптың басты күші — команда жұмысы екенін ерекше атап өтті.